Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте «Еліміздің туристік тартымдылығын арттырғымыз келсе, жуық арада шетелдіктерді міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, бұл Қазақстанды көріп, салт-дәстүрімен танысып қайту үшін келетін туристерге біршама жеңілдік әкелетіні сөзсіз. Айта кету керек, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпараты бойынша, 2019 жылдың бірінші жартысында елімізге келген туристер саны шамамен – 3 миллион 840 мың адамды құраған. Қазақстанға келген туристердің көшін ТМД елдері арасында Өзбекстан бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл елден 1 702 743 адам келген. Екінші орында Ресей – 808 305,5 адам. Үшінші орында Қырғызстан – 663 502,5 адам. Қазақстанға Әзірбайжан мен Беларусьтен де адамдар салыстырмалы түрде көп келеді. Осы жартыжылдықта бұл елдерден тиісінше 44 мың және 41 мың адам келген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекаралық қызметінің деректеріне сәйкес, Қазақстанға ТМД-дан тыс елдерден де адамдар саяхаттайды. Олардың жалпы саны – 281 899 адам. Алғаш бестікті бастап тұрған – Түркия 53 мың адам, кейін Германия – 46 мың адамнан асады. Қытай мен Оңтүстік Кореядан 26 мыңнан аса және 17 мыңнан аса адам келген. Тізімде бесінші тұрған – АҚШ, жарты жылдық көрсеткіш шамамен 15 мың турист. Бұл елдерден бөлек Қазақстанға Моңғолия, Ұлыбритания, Үндістаннан 10 мыңнан аса турист келген. Өңірлер бойынша туристер ең көп келетін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Қаңтар мен маусым айларында Алматыны 206 мыңнан аса, елордамызды 112 мыңнан аса турист таңдаған. Шымкентке 14 мың адам келген. Атырау облысының көрсеткіші 40 мың, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсына 10 мыңнан аса турист келген.
Бұл, әрине, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстан үшін аз көрсеткіш. Алматыдағы жиында «Егер біз еліміздегі ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестициялық және туристік тартымдылығын шынымен арттырғымыз келсе, жуық арада шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек. Шекара бақылауынан өтудің өзі – көші-қон тіркеуі емес пе?» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен бірге Президент: «Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді», – деді.
2019 жылдың бірінші жартысында елімізге келген туристер саны шамамен – 3 миллион 840 мың адамды құраған. Қазақстанға келген туристердің көшін ТМД елдері арасында Өзбекстан бастап тұр. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл елден 1 702 743 адам келген. Екінші орында Ресей – 808 305,5 адам. Үшінші орында Қырғызстан – 663 502,5 адам.
Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің туристік әлеуеті туралы айта келіп, туристік өнімдерді өте жоғары деңгейде дамыту үшін Алматының әлеуеті зор екенін атап өтті. Бұл тау, мәдени, этнографиялық туризм сияқты іскерлік туризмге де қатысты. Президент 2025 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.
Айта кету керек, Президент Үкіметке шетелдіктерді міндетті тіркеуді алып тастауды жаңа жылға дейін шешу керек деп тапсырған болатын. Ішкі істер министрі бұл өзгеріске дайын екенін, жыл соңына дейін бұл мәселе шешімін табатынын айтты. Бүгінгі күні Қазақстанға келген шетелдіктер шекарадан өткеннен кейін бес күнде тіркелуі міндетті болатын. Алдағы күндері туристер тек кеденнен өткендегі тіркелумен жүретін болады.
Әділ БЕК