Ауылды толықтай интернетпен қашан қамтимыз?
Ауылды толықтай интернетпен қашан қамтимыз?
5,162
оқылды

Жастар мәселелері жөніндегі Nur Otan партиясы комиссиясының отырысында ауылдарда интернетке қолжетімділік және Қазақстанда киберспортты дамыту мәселелері талқыланды.

Елордада ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихтың төрағалығымен жастар мәселелері жөніндегі партиялық комиссияның отырысы өтті. Отырыс жұмысына уәкілетті органдардың және «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, Қазақстанның киберспорт федерациясы, қоғам қайраткерлері қатысты. Отырыс аясында комиссия тәлімгері Г. Шиповских пандемияға байланысты цифрландыру саласы өз жұмысындағы кемшіліктерді көрсеткенін атап өтті. Онлайн оқыту үшін бірыңғай платформаның болмауы, сайттардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар, кең жолақты интернетпен барлық ауылдардың қамтылмағаны айтылды. Интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағаттандырмайды. – Қазіргі таңда Қазақстанда 1000-нан астам  ауыл интернетпен қамтылмаған. Бұдан ең алдымен оқушылар зардап шегеді. Сондай-ақ кенттер мен ауылдардағы ұялы байланыстың сапасы өткір мәселе болып тұр, – деп атап өтті Г. Шиповских. Отырысқа қатысқан «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі Бас директоры Нұрлан Мейірманов ауылдарда кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. – Қазіргі уақытта 2086 ауыл жоғары оптикалық талшықты магистральдармен жабылған. Бұл ең жақсы және жылдам интернетті пайдалануға мүмкіндік береді. Ең қысқа уақытта 985 ауылға интернет өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бұл жұмысқа халықты мобильді интернетпен қамтамасыз ететін байланыс операторлары белсенді қосылған, – деді Нұрлан Мейірманов. Сонымен қатар, кездесуде елдегі киберспортты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның Киберспорт Федерациясының өкілдері қазақ тілін киберспорт арқылы дамытуды ұсынды. «Qazaq Cybersport Federation» даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиев: «Киберспорт ауылдық ортада да танымал. Киберспорт арқылы ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізе алады. Кейбіреулер үшін бұл әлеуметтік лифт, жаңа қызмет саласы болуы мүмкін. Жастардың IT индустрияға деген қызығушылығын арттырады». Елдегі карантиндік шараларға байланысты өңірлерден қатысушылар бейнеконференция арқылы қосылды. Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Маяк  кентінің тұрғыны Диас Буржукпаев интернеттің жоқтығынан бірнеше ай бойы қалада жатақханада тұрып жатқанын атап өтті: «Жатақханада тұрғаным үшін айына 6500 теңгеден төлеймін. Біздің ауылда тек мобильді интернет бар, бірақ оның жылдамдығы онлайн оқу үшін өте төмен. Дәл сол себепті мен 4 айдан бері қалада  тұрып жатырмын. Біздің ауылға интернет жүргізуді сұраймын». Конференция қатысушысы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Татан ауылының тұрғыны Фархат Мейраш та ауылында интернет жоқ екенін және жергілікті жастар оқу үдерісі кезінде түрлі жолдар іздейтінін айтты. Сөз соңында «Қазақтелеком» АҚ өкілі Нұрлан Мейірманов аталған ауылдарға сапалы интернет жүргізу жеке бақылауға алынатынын мәлімдеді. Отырыс барысында көтерілген мәселелердің өткірлігіне және қатысуын алдын ала растауына қарамастан, жоғарыда аталған салаға жауапты  негізгі орган «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі» Министрлігі комиссия отырысына келген жоқ.