Әлеуметтік қызметтердің сапасын жоғары бағалады
Әлеуметтік қызметтердің сапасын жоғары бағалады
233
оқылды

Қызылорда облысында 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін әр екі жыл сайын арнайы жол картасы бекітіледі. Аталған жол картасын жүзеге асыру үшін жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Осы ретте, әлеуметтік оңалту шараларын жүргізетін сала қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Сала мамандарымен «Nur Otan» партиясы  Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов кездесті. Онда әлеуметтік қызметтердің сапасы, ондағы өзекті мәселелер талқыланды.

Атап өту керек, елімізде тәуелсіздік алған жылдардан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру, базалық, мем­лекеттік-әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы жауапкершілік, әлеу­меттік көмек және жинақтаушы зей­нетақымен қамтамасыз ету үшін халықты әлеуметтік қорғаудың көп­салалық, бірнеше деңгейлік ұлттық моделі құрылған болатын. Соның арқасында халықтың әлеуметтік қам­тылуын қамтамасыз етумен қатар қо­ғамымыздың тұрақтылығы сақ­талып отыр. Кездесуде осы мәселелерді сөз еткен Шәріп Әбдірахманов сала қызметкерлерінің жұмысына табыс тіледі.
– Пандемия кезеңінде дағдарысқа қарсы жедел шаралардың нәтижесінде тұрғындарға әлеуметтік көмек көр­сетіліп, мемлекет  тарапынан қолдау ша­ралары ұйымдастырылды. Әлеу­меттік қорғау жүйесінің қызметкерлері үздіксіз 24 сағат жұмыс істеп, тұрғын­дардың сұрақтарына жауап берді. Біз  әлеуметтік қорғау жүйесі маман­дары­мен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді шешуде ақылдасып, бір­лесіп шаралар қабылдаудамыз. Сон­дықтан әлеуметтік сала жетістік­теріне біз қашан да қуанамыз, осы сала қыз­меткерлерінің жұмыстарына сәттілік тілейміз, – деді ол.
Кездесуде облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділ­даев сөз алып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қоғамдық көліктерде жүру мәселелері, сондай-ақ ғимарат­тарға, оның ішінде жаңадан салынатын ғимараттар мен тұрғын үйлерде мүм­кіндігі шектеулі азаматтар үшін кедер­гісіз орта қалыптастыру секілді мәсе­лелерді ортаға салды. Ол сондай-ақ осы мақсатта «Nur Otan» партиясы қа­былдаған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында тиянақты жұмыстар кезең-кезеңімен шешімін табатынын атап өтті.

Ә білмансұр ЖАСАН