Түрме түрмеден құдалыққа барамыз!

Түрме түрмеден құдалыққа барамыз!

Түрме ‒ өз үйің. Біздің елдегі түрмелерде рахат өмір сүресің. Айтсам, өзің күлесің, сенбесең, өзің білесің... Түрме курорт сияқты кейбіреулерге. Бассейн, лаваш, чикен... Теледидар көріп, қыздарға да барасың. Әйелдер қолония­сындағы Күнімай  ма, Хадиша ма, соған өлердей ғашық болып, күнде жолығуға асық болып, маха­ббатыңнан май тамып, көз жасың ағып бара жатса, түрме бастығынан рұхсат сұрап, кездесе бересің. – Жаным, Дариға, тиесің бе, Жұмағалиға. – Ол кім еді? – Мен ғой, алдыңда тұрған, өзі  бұзық, сондай, Қүдай ұрған. – Не үшін сотталдыңыз, ағай? – Ой, неғыласың, үйленейік, давай! Көрдіңз бе, дәл осындай жағдай болмаса да, баяғыда сотталушы бір шенеунікке керемет жағдай жасалғаны, жататын жері люкс болғаны туралы нинтернетті иіскеп, ирелең оқиғаны оқығанбыз. Бір күні Қанішер Баскесеров түрме бастығына шағынды. – Басеке, ұлым  үйленіпті,үй болуды үйреніпті! – Құтты болсын, махаббаты мықты болсын! – Соның құдалығы екен ертең, жібересіз бе? – Барып қайт, маған сыбағадан алып қайт... – Бас құда болып, өзіңіз де жүрсеңіз, шарап ішіп, құда­шалармен ойнап‒күлсеңіз? – Болды барам! – Басеке, осымен сөзім тамам. Дәл осындай әңгіме болмаса да, біздің елдің түрмелерінде тәртіп тәлтіректеп, ақшаның дәурені жүріп тұрғаны шындық. Бір күні сотталушы Сезімбай Селдеткенұлы бастығына шағымданды: – Басеке, сағынып кеттім, – Бостандықты ма? – Жоқ, черный қатынымды. – Төрт жылың өтті, бір ай шыдасаң шығасың ғой? – Әйелімнің суретін құшақтап жата-жата жыртылып кетті. – Басқа суретін алдыр. – Әйелім екі қабат болып қалыпты. – Кімнен? – Менен. – Қалай сонда? – Енді... Суретін қойныма алып жатырмын ғой. – Сен көп әзілдей берме. Не дейсің? Айтшы? – Қатынымды сағындым – Сағынсаң ше? – Барып қайтсам  деймін. Махаббатымды беріп, өзінің суретін алып қайтсам деймін. – Болмайды ғой, сен түр­медесің. – Жіберсеңіз, рахатқа батып келем,  күйеуге тисе, екі патрон беріңіз, екеуін де атып келем! – Жарайды бара ғой, қалатама қырық мың теңге сала ғой... Дәл осындай оқиға орын алмаса да, мына оқиға елді елең еткізіп, естен тандырды! Бұл енді шындық! Болған оқиға! Шығыс Қазақстан облысы, Шарман ауданының аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстау изо­ляторында істейтін кезекші по­лиция қызметкеріне өзіне телефон шалуын бұйырған. – Алло? Сізді тыңдап тұрмын? – Сен бала, былай ет. Пәленшеев бар емес пе, қамауда жатқан? Соны босатасың. – Заңға қайшы. – Заңға пышақ болса да. Көрші ауылға барып, жерлеу рәсіміне қатысып келеді. – Ол курортта жатқан жоқ қой? – Көп сөз –  көбік,  одан да көп сөз ‒ өлік. – Айтқаныңыз айдалада қалады. Ондай заңсыздыққа бара ал­маймын! ‒ деген кезекші телефонды өшіре салды. Онымен қоймай, инстаграмға  бастығының бір түрлі бұйрығы туралы жазба алдырды. Енді министрліктен қызметтік тексеру басталып, бастығы былқылдап, кешірім сұраумен әлек. Мына дүние не болып барады өзі? Түрмеде той жасайтын ақырзаман да жақындап қалды ма деймін?

Мұхтар ШЕРІМ