Тауық ұрласаң, төрт жыл

Тауық ұрласаң, төрт жыл

Мен сізге шатыңыз шытынап, бетіңіз бүлініп, желкеңіз жарылып  кетсе де айтайын, сотттардың сол­қылдақ шешімдері шайтанның шапалағымен бірдей болып барады. Ия, кейде. «Анау-мынау» газетінің тілшісі көшеге шығып, жыбырлап жүрген жұрттан сауал­нама жүргізді дейікші? – Сәлеметсіз бе, кейбір сот­тардың өзі паң, шешімі шаң шешім­деріне көңіліңіз тола ма? ‒деп сұрады тілші.    Еркек есінеп алды да: – Толмайды! Мәселен, тауық ұрлаған біреуге төрт-бес жыл арқа­латады да, мемлекеттің қаржы­сын қатыр-құтыр шайнап же­гендер жеңіл жазамен құты­лады. Неге дейсіз бе? Бізде сыбайлас жемқорлық  жағадан алып тұр. Парақорлық деңгейі өзен-көлдердің деңгей­лерінен де жоғары! – деп салды. Тілші рахметін айтып, бөксесі билеп, білегі қамыр илеп бара жатқандай бір толықтау келін­шетің артынан жүірді. – Сәлеметсіз бе? Келіншек көздерін төңкере қарада да, жүрісін жылдамдатты. Тілші тағы да қуып жетті. – Сәлеметсіз бе, апай... – Әй, қайқай! ‒деді келіншек кербездене кетіп бара жатып. – Кешіріңіз... – Кешірмеймін. – Кешірмесеңіз де, кешіріңіз, бір сауал берейін деп едім. – Екі сауал берсең де  «алмай­мын!» – Тоқтаңызшы, өкпем өшіп кетті. – Біздің  мөлтек ауданда свет өшіп қала береді, ‒деді келіншек кетіп бара жатып. Тілші сонда да артынан қалмады. Диктофонын  алға созып: – Шаршап кеттім, ‒деді. – Біздің елде депутаттар да шапршады. Бәрі кәрі-құртаң. – Жоқ менің сауалым сот... – Сот дегендерің от... – Тоқтаңызшы? – Бұл жерге автобус тоқтамай­ды. – Қашпаңызшы. – Күйеуге қашатындай, жас қыз емеспін. – Қырсық екенсіз. – Аяғым қисық емес. – Туу, ыңқылдап кеттім. – Ырбаңдап кетсеңіз де... – Жауап бермейсіз бе? – Қылмыскер емеспін. – Айтайын дегенім... – Айтуға ауызыңыз бармасын! – Тух! – Сізге пух! – Бүгін  ауа райы қандай тамаша еді? Келіншек тоқтай қалды. – Жас жігіт, айтыңызшы, ауа райын хабарлайтын жерде жұмыс істейсіз бе? Ертең жаңбыр жауа ма? Қол шатырым жоқ еді... ‒деген келіншек тоқтай қалды. – Жоқ мен тілшімін. Сізге сауалым бар. – Неге менің соңымнан қалмай­сыз? – Жүрттың бәріне сауал беріп келе жатырмын.  Анализ жасап. – Емханаға анализ тапсырып қойғанмын. – Айтыңызшы, соттардың солақай шешімдеріне көңіліңіз тола ма? – Туу, артымнан қалмай келе жатқандағы сұрағыңыз осы ма? Ұялы телефон нөмірімді сұрап, кешке кафеге шақырады ма десем. Құрып кетші әрі, мұрынбоқ! – Келіншек қайқаңдап кетіп қалды. Тілші бармағын тістеп, бір түрлі нетіп қалды... Әр кәлләда бір қиял деген осы! Ал, кейбір соттардың айып­тыларға шығарған шешімдеріне таң қаласың. Мәселен, сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашев пен Өзбекстандағы Қазақстан экс‒ елшісі Ерік Өтембаев екі жылдық тергеуден кейін екі жылға ғана сотталды! 2018 жылы А. Қарашев Өзбекстандағы  елшілік ғимараты құрылысы және қосымша құн салығына бөлінген 133 миллион теңгені жымқырғаны үшін ал Е. Өтембаев көмектескені үшін айыпталған болатын. Арада  көз қысты, бармақ бастылық жүрді деп айта алмаймын, бірақ, «жымқырды» деген айыптау «лауазымын теріс пайдаланды» деген айыптауға ауыстырылып, кейбір деректер  дәлелденбей қалыпты. Пара алуға ұмтылғандардың өзі кемінде бес жыл арқалап жатады...Ал, мына шешім қызық екен,ә?

Жебе САДАҚҰЛЫ