МЖӘ бірінші инвестициялық форумы жұмысының алғашқы күні табысты өтті. Нәтиже бар. Қызылорда облысының білім басқармасы мен «Дильмаш» ЖШС арасында «Қызылорда қаласының колледж студенттерін жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету» жобасы аясында МЖӘ келісімшартына қол қойылды.
Ғимараттың биіктігі – 5 қабат. Ауданы – 3 780 шаршы метр. Сыйымдылығы – 330 орын. Инфрақұрылымы – жатақхана ішіндегі асхана, дүкен, интернет- кафе, кір жуу және басқа да қызметтері бар қосымша кешен.Жоба Қызылорда медициналық жоғары колледжінің студенттеріне арналған. Жаңа ғимаратқа қоныстандыру биылғы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталады. Бұл келісімшарт – Елбасының Үшінші әлеуметтік бастамасы аясында МЖӘ механизмі бойынша іске асырылған студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жобасы. Осы МЖӘ жобасының маңызды ерекшелігі – бұл жергілікті бюджеттен қандай да бір қаражат жұмсалмайтын «үшінші санаттағы» келісімшарт.
«Қызылорда облысы – қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Студенттер саны өсуде, яғни оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қажеттілігі өзекті. Бүгінде біздің өңірде мыңнан астам колледж студенті жатақханаға мұқтаж. Біз Елбасының тапсырмасына сәйкес бұл мәселені шешуді барынша жылдамтуға тырысамыз», – деді Қызылорда облысы Білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.
Айта кетейік, МЖӘ жобаларының ең көп саны – 332 келісімшарт білім беру саласына тиесілі. Бұл жалпы санының 54%-ы. Денсаулық сақтау саласында – 127 келісімшарт (21%), мәдениет және спорт саласында – 49 келісімшарт (8%), энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында – 40 келісімшарт (7%), көлік және инфрақұрылым саласында – 28 келісімшарт (5%), экономиканың басқа да салалары бойынша 39 жоба (6%) бар.
Айбике ЖАНАСЫЛ