Отандық кәсіпорындар қандай қолдауға зәру?

Отандық кәсіпорындар қандай қолдауға зәру?

Бүгінде бизнеске мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету маңызды. Мұның кәсіпкерлік сектордағы рөлі зор екенін айта кету керек. Осы орайда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры еліміздегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысын ілгерілетуге күш салып келеді.

25 жылдан бері сырт киім, жеңіл киім, әскери киім, мектеп формасын тігумен айналысып келе жатқан «Веста» тігін салоны» – еліміздегі алдыңғы қатарлы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің бірі. Негізінен бұл тігін салоны жоғары офицерлер құрамы, ҚР БП Орталық аппаратының, ҚР ҚМ, ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ, ҚР АҚҚ және ҚР ҰҰ қызметкерлері үшін арнайы киім тігуге маманданған. 2013 жылы «Сала көшбасшысы» атағына ие болды. Шағын кәсіпорындар арасында алдыңғы жүздікке кіреді.

Кәсіпорын директоры Фариза Сафарбекқызы «Тігін өндірісінің технологы» мамандығын меңгерген. 1976 жылы Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көшіп келіп, ательенің техникалық бөлімінде инженер-технолог болып еңбек жолын бастайды. «Мен сүйікті жұмысымды беріліп істедім. Клиенттермен, шеберлермен, тігіншілермен байланысты үзбедім, өзім де бұдан ләззат алатынмын. Кейіннен ауысым бастығы, атель меңгерушісісіне дейін көтерілдім. Ал мемлекеттік меншікті жекешелендіру процесі басталғанда, кәсіпорындар мен т.б. өндіріс орындары қирай бастаған кезде мен жеке кәсіпкер ретінде жұмыс бастауға бел будым», – дейді ол.

Оған өз бизнесін ашу үшін қомақты қаражат керек болады. Сөйтіп, ескілеу 5 тігін машинкасы мен аздаған шикізат сатып алып, 5 адамды жұмыспен қамтиды. Кейін біртіндеп құрал-жабдықтар ала бастағасын үлкен тапсырыстар да түсе бастайды. Қазір өндіріс кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылған. Сәйкесінше компанияның табысы артты. 2015 жылы шикізат, мата, фурнитура бағасының өсуіне байланысты айналым қаражатын толықтыру және қосымша жабдықтар сатып алу қажет болады. Сосын компания басшысы Forte Bank АҚ арқылы 3 жылға, Өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы аясында 6%-дық несиеге қол жеткізді.


«Даму» қорынан қолдау көрген кәсіпорындардың бірі –телекоммуникация нарығында 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Digital System Servis ЖШС. Компания осыған дейін Mitel, Aastra, Ericsson, Avaya, Cisco, Advantech Wireless және т. б. сияқты жетекші әлемдік телекоммуникациялық жабдық өндірушілердің табысты әрі сенімді серіктесі болды. Компания жобалау, жеткізу, монтаждау, кешенді интеграция, пайдалануға беру және сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ IT саласындағы аутсорсингті қамтитын телекоммуникациялық жобаларды әзірлеу және іске асыру бойынша қызметтердің толық түрін ұсынады. Даму нәтижесінде компания өз телекоммуникациялық жабдығын және оған бағдарламалық қамтамасыз етуді жасауға қол жеткізді. Одан кейін телекоммуникациялық жабдықтарды өндіретін зауыт құрылысына кіріспек. Осыған байланысты 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Астана–жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриалды паркінің аумағынан телекоммуникациялық жабдық-модем, коммутаторлар шығаратын зауыт құрылысына жер учаскесін бөлді. Компания басшылығы бизнеске мемлекеттік қолдау алу үшін «Даму» қорының астаналық филиалына жүгініп қолдау құралдары бойынша кеңес алған. Қажетті құжаттар пакетін жинап, осы бизнес идеяны жүзеге асыру үшін компания қарыз алады. Компаниясы бірнеше бағдарлама бойынша мемлекеттен кешенді қолдау көрді. Зауыт құрылысына инвестициялық мақсатта 14,25%-бен несие алды, оның 40%-ын мемлекет «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидиялайды, ал айырмашылықты кәсіпкер төлейді. Несие мерзімі 5 жыл. «Даму» қоры несиенің 30%-ына кепіл болды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында 6%-ық несие алып, станоктар сатып алды. Осылайша, 2018 жылы компания модемдер, коммутаторлар, телефон станциялары секілді телекоммуникациялық жабдықтарды өндіруге кірісті. Биыл компания «Форте банк» АҚ арқылы жинақтаушыларды сатып алуға қосымша қаржы алды. Қазір зауыт дайын өнім шығарады және Қазақстанда сатумен қатар Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстанға экспорттайды. 2019 жылы компания «Даму» қоры ұйымдастырған отандық тауар өндірушілердің Ulttyq ónim көрмесіне қатысты.