Бірқатар кездесу өткізді
Бірқатар кездесу өткізді
219
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайыл­ғанованы, Қарағанды облы­сының әкімі Жеңіс Қасымбекті және Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабар­лады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президенттік жастар кадрлық резервін жасақтауға байланысты конкурстың өткізілуі жөнінде баяндады.

Мемлекет басшысы әділ әрі ашық бай­қау өткізіп, ең үздік кандидаттарды іріктеудің, сондай-ақ таяу жылдары олар­ды жұмысқа орналастыру мәселесін шешудің маңызын айтты.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымның ахуалы, денсаулық сақтау және білім беру сала­ларындағы нысандардың құрылысы, сон­дай-ақ тұрғын үй және автожол салу жұмыс­тарының барысы туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын, жылу беру маусымының өткізілуін, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмектің берілуін бақы­лауда ұстауға байланысты бірқатар тапсырма берді.

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қасым-Жомарт Тоқаевқа тұрғын­дардың әл-ауқатын арттыру және қалаға қосылған аумақтардың инфра­құрылымын дамыту жайында баяндады. Сондай-ақ кездесу барысында Президентке Шымкент қаласын дамытудың үшжылдық жоспары ұсынылды.

Мемлекет басшысы Шымкент қала­сының әкіміне қала төңірегін электр қуа­ты, газ, ауызсу және жол секілді қажетті инфра­құрылымдармен қамтамасыз ету жұмыста­рын белсенді жүргізу аса маңызды екенін айтты.