Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, халыққа қарыз беретін ұйымдар жұмысы заңмен реттеледі.
«Кредит беру нарығын реттеу үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап агенттіктің реттеу аясына халыққа қарыз беретін барлық заңды тұлғалар – онлайн кредиттеу компаниялары, ломбардтар және кредиттік серіктестіктер енгізілгенін атап өтеміз. Жұмыс істеп тұрған субъектілерді есептік тіркеудің шекті мерзімі 2020 жылғы 1 қыркүйекте аяқталды. 1 079 ұйым (барлық банктік емес ұйымдардың 33 пайызы), оның ішінде 650 ломбард, 202 кредиттік серіктестік және 227 микроқаржы ұйымы агенттікте есептік тіркеуден өтті», – деді ол.
Оның айтуынша, қарыз беретін ұйымдар есептік тіркеуден өткен сәттен бастап қаржы нарығына қатысты заң талаптарын сақтауға міндетті.
«Тіркеуден өтпеген 2 187 субъектіден 1 196-сы жұмыс істемейді. 744-інің қызметі тоқтайды. 247-сінде жарғылық капиталдың ең төмен мөлшері жоқ екені белгілі болды. Халыққа қарыз беруді агенттікте есептік тіркеусіз жалғастырған жағдайда бұл субъектілер мәжбүрлеп таратылады», – деді Мәдина Әбілқасымова.