«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жаңа жобаны іске асырып жатыр. Жоба қанат жайса, теміржолдың айналасындағы жемқорлық тыйылады. Аталған жоба кадр іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Жұмыстың аяқ алысы туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз алаңында өткен брифингте айтылды.
Компания дайындаған жоба бойынша қызметке қабылдау электронды нұсқада жүреді. Компаниядағы барлық бос орындар HeadHunter, Nur.кz жұмыс және Samruk Qyzmet интернет-платформаларында жарияланады. Үміткер платформалардың біріндегі бос жұмыс орнын таңдап, өтінім жібереді. Қабылдау бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы сұхбаттан кейін тестілеу өтеді. Іріктеудің барлық кезеңінен өткендерінің қысқаша тізімі өңірлердегі кадрлық қызмет ұйымдастырған конкурстық комиссияға жөнелтіледі. Үміткердің білігі мен ынтасын тексеру және жұмысқа қабылдауды рәсімдеу ҚТЖ-ның Кадрлық әкімшілік департаменті жанындағы көпсалалы қызмет көрсету орталығында іске асады.
«Тиісті шараларды қолға алдық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен 3 кездесу өткіздік. Сондай-ақ ресми жиындарда да жемқорлықпен күрес мәселесін көтеріп жүрміз. Енді платформа арқылы нақты іске көшеміз. Әр үміткер жұмысқа қабылдаудың әділ өтетініне сенім білдіре алады» деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары С.Әбденов.
Оның айтуынша, қызметкерлерді орталықтандырылған жүйеде іріктейтін жұмысқа орналастырудың жаңа схемасы баршаға тиімді. Аймақтағы жұмысқа қабылдау жүйесі де бір арнаға түспек. Сонда қызметке қабылдаудағы жемқорлық фактісі азаяды екен.
Серік Әдбенов айтқандай, жаңа жүйе бойынша 656 адам мамандық бойынша жұмысқа қабылданыпты. Компанияның кадрлық блогы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқықбұзушылықтың нақты себептерін жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Брифинг барысында компания басшылығы бәрін жіті қадағалайтынын айтты. Егер өңірлерде жұмысқа қабылдау, кадрлық шешім айналасында күмәнді жағдай болса, компания тиісті шара қолданады. Аталған жайт орын алса, call-орталық пен әлеуметтік желі арқылы хабарлауға болады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің айтуынша, теміржол тасымалы саласында соңғы екі жылда 65 сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталды. Олардың басым бөлігі парамен байланысты.
Айбике ЖАНАСЫЛ