Астанада Халықаралық Түркі академиясы Алтын Орданың 750 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, Моңғолияның Қазақстандағы елшілігі өкілдері, бірқатар ғылыми мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында «Бабаларымыз осы Ұлы далада туын тігіп, ордалардың алтын қазығын қаққан. Биылғы және алдағы жыл біздің қазақ елі үшін үлкен тарихы маңызды кезең болмақшы. Мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдап, Үкіметке тапсырмалар жүктеді. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдығына ерекше екпін қойылған. Атап айтқанда, бұл бағытта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсатымыз – өзіміздің ғалымдарды, мамандарды, сондай-ақ көршілес елдердің ғалымдарын біраз ауқымды зерттеулерге тарту, қазба жұмыстарын жүргізу, өзге мемлекеттерде ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу. Бұл тұрғыда Алтын Орда мемлекетінің тарихын барша дүниежүзіне кеңінен таныту міндеті қойылып отыр», – деді Үкімет басшысының орынбасары Б.Сапарбаев.
Бұл бағыттағы жұмыстарда Дархан Қыдырәлі басқарып отырған Халықаралық Түркі академиясының рөлі ерекше екенін атап өткен Бердібек Сапарбаев «Академияның құрылтайшылары ретінде біздің мемлекеттен басқа өзге де елдер еніп отыр. Сонымен қатар бақылаушы мемлекеттер де бар. Біздің тарихымыз ежелден өзара байланыста жатыр, Моңғолиямен алыс емеспіз. Сондықтан Энхтүвшин мырза, сіздерді осы академияға бақылаушы болуға шақырамыз» деді.
Сонымен қатар туризмді дамытуға айрықша мән беріліп отырғанын тілге тиек еткен Бердібек Сапарбаев Моңғолия тарапын да осындай шараға қатысуға шақырды. «Өйткені тарихи құндылықтар, ескерткіштер сіздердің елдеріңіздің аумағында көптеп кездеседі. Біздің ғалымдар Моңғолияның мамандарымен бірге жұмыс істейтін болса, өзіміздің тарихымызды әлемге кеңінен көрсете аламыз» деді ол.
Қазақтар мен моңғолдар ежелден тарихи сабақтастығы ортақ, бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүріп келген көрші бауырлас халықтар екенін атап өткен Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин «Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз өте тығыз болуы керек. Қазақстан жерінде Шыңғыс бабамыздың ұрпақтары өмір сүрген, сол кісінің үлкен ұлы Жошы ханның күмбезі осы жерде. Алтын Орданың 750 жылдығына орай ауқымды жұмыстар атқарылып, осы ескерткішті қорғау, туристік орталыққа айналдыру, әлемге таныту, сондай-ақ біздің ортақ өркениетімізді насихаттау бағытында Қазақстанның істеп жатқан жұмыстарын біздің мемлекетіміз жан-жақты толық қолдайды» деді.
Ол 2019 жылдың тамыз айында Қарақорымның 800 жылдығын атап өтуге жоспар жасағандарын айта келе «Бұл салада Халықаралық Түркі академиясының мүмкіндігі зор, себебі бір жағынан ғылыми мекеме болса, екінші жағынан халықаралық ұйым мәртебесіне ие. Сондықтан осы беделі зор академиямен бірлесе отырып, бұл бағыттағы шараларды қарқынды жүргізе аламыз деп ойлаймын. Халықаралық Түркі академиясы 2014 жылдан бері Моңғолияның ғылым академиясымен, ұлттық музейімен, археология институтымен, архив басқармасымен меморандум орнатып, жақсы жұмыстар атқарғанына ризашылығымызды білдіреміз» деді.
Шара барысында Алтын Орда тарихына қатысты бірнеше кітаптың таныстырылымы өтті. Зиялы қауым өкілдері Моңғолиядан арнайы келген Өлзийсайханы Энхтүвшин мырзаға шапан жауып, қамшы сыйлады.