Олимпиада чемпионы 100 миллион теңге алады
Олимпиада чемпионы 100 миллион теңге алады
644
оқылды

Мәдениет және спорт министр­лігі «Қазақстанның спорттық этикасын бекіту туралы» бұйрық жобасын жария етті. Құжат 7 қа­ра­шаға дейін қоғамдық талқыға тартылмақ. Оған сәйкес, спорт­шылар мен жаттықтырушыларға қоғамдық орындарда мас күйде көзге түсуіне, былапыт сөйлеуіне, өзін әдепсіз ұстауына, діни на­ным-сенімін ашықтан ашық паш етуіне тыйым салынады. Спорттық этиканы бұзғандар құрамадан және жарыстан қуылады.

Жалпы, 2020 жылғы 24 шілде мен 9 тамыз аралығында Токиода өтетін жаһандық дода – жазғы Олимпиада жақындаған сайын елімізде осы салада елең еткізерлік жаңалық көбеюде.

Мысалға, әлемдік байрақты бәсе­келерде жеңіс пен жүлде әкеледі деп үміттендіретін спортшыларға мем­ле­кеттің қанша «жалақы» төлейтіні анық­талды. Ел намысын қорғайтын ұлттық құрама мүшелерін жеңіске құлшындыру үшін оларға ай сайын төленетін ақ­шалай төлем мөлшері бекітілген. Бұл ретте алтын алу әлеуеті бар спорт жұл­дыз­дары­ның айлығы 3 миллион теңгеге дейін барады екен.

Осыған байланысты «Жоғары дәрежелі спорт­шы­лармен, жоғары дәрежелі спортшыларды даярлауды жүзеге асыратын жаттықтырушылармен және денешынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарттар бойынша ақша төлемінің мөлшерін бекіту туралы» жаңартылған бұйрық қабылданбақ.

Құжатқа сәйкес, жазғы Олим­пиадада 1-орын алуға бағдарланған беделді спорт­шы­ларға ай сайын 700-ден 7 500 доллар (немесе 2 миллион 900 мың теңгедей) аралығында төлем қарастырылған. 2-орын алудан үміткер спортшыға 500-ден 5 500 долларға дейін айлық ұсынылады. Әлемдік үздік үштікке кіруі мүмкін спортшыға 300-ден 3 500 долларға дейін ақша бөлінеді.

Әрине, ел алтын әкеледі деп күткен спортшының жаһандық аламанда тіпті алғашқы бестікке кірмей қалуы аз кез­деспейді. Сондықтан Үкімет өз тәуекел­дерін сақтандыруда: Олимпиада ойын­дары басталғанға дейін әлгі аталған ай сайынғы төлемдер сомасының 50%-ы төленіп тұрады. Ал жаһандық жарыс аяқталып, спортшы келісімшарттағы өз міндетін орындағасын, мәселен, алтын, күміс не қола медальды олжалағасын, қалған 50%-ы 30 күн ішінде толық тө­ленеді. Егер өз уәдесінің үдесінен шыға алмаса, оған уәде етілген, бірақ кепілде ұсталған ай сайынғы төлемдердің жар­тысына қол жеткізе алмайды.

Атап өтер жайт, Олимпиада жеңімпазы не жүлдегері осылай айлығының қалған жартысын түгел алып, бір пайдаға кенелсе, мұның сыртында сайыста көр­сеткен жоғары нәтижесі үшін мол сыйақы мен пәтер алып, қосымша олжаға да қарық болады.

Осы орайда «Халықаралық спорттық жарыстардың чемпион­дары мен жүлдегерлеріне, жат­тық­тырушыларға және спорт түр­лері бойынша Қазақстан құ­рама командаларының мүше­ле­ріне ақшалай көтермелеудің мөл­шерін бекіту туралы» жаңа Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп отыр. Премьер-министр Асқар Ма­минге жолдаған түсіндірме жаз­басында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құ­лова халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған спортшылар мен жаттық­тыру­шыларды көтермелеудің маңыз­дылығын дәйектейді.

– Бұл спорт түрлері бойынша құрама команда спортшыларын алдағы халықаралық жарыстарға ынталандыруға мүмкіндік береді әрі біздің спортшылардың бәсе­кеге қабілетін арттыруға, ел имид­жін нығайтуға қызмет етеді, – дейді ведомство басшысы.

Құжатқа сәйкес, келесі жылғы жазғы Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарында 1-орын алған спортшыға және оның жаттықтырушыларына 250 мың доллардан (шамамен  100 миллион теңге) сыйақы бе­ріледі. Күміс жүлде иегерлері мен жаттықтырушыларына – 150 мың доллардан (60 миллиондай), қола жүлдені қанжығалағандарға және бапкерлеріне 75 мың доллардан (30 миллион теңгедей) ақшалай көтермеақы төленеді.

Жүлделі тұғырдан табылма­ғандар да құр қол қалмайды. 4-орын үшін спортшылар мен оның жаттықтырушыларына 30 мың доллардан (шамамен 12 млн теңге), 5-орын үшін 10 мың дол­лардан (4 млн теңгедей), 6-орын үшін 5 мың доллардан (2 млн тең­гедей) сыйақы ұсынылады.

Келесі жылғы Олимпиада және әлем чемпионаты аяқтал­ғаннан кейін де айы оңынан туған спортшылар қамқорлықсыз қал­майды. Оларға ары қарай ай сайынғы төлем төлене береді.

Айтқандай, бұл ынталан­ды­рулардың барлығы легионерлер­ге – Қазақстанның көк туы ас­тын­да өнер көрсететін жатжұрт­тық спортшыларға да тимек. Бірақ олар дүниежүзілік дода біткен соң, ақшалай және заттай сыйлықтарды алып, өз елдеріне тайып тұруы мүмкін. Оларды ұс­тап қалу үшін Олимпиада ойын­дарының чемпиондары мен жүл­дегерлеріне ай сайынғы төлемдер «спортшы келісімшартқа отырып, спорттық дайындықты жалғас­тырған жағдайда келесі Олим­пиада ойындарына дейін төле­нетін болады».

Рас, Олимпиада айындары өт­кеннен кейін берілетін айлық біршама төмендеу: алтын медаль иегерлеріне – 700-4000, күміс жүл­де иеленгендерге – 500-3000, ал қола медаль алғандарға – 300-2000.

Осындай ынталандырулар шетелдік спортшыларды қатты қызықтырады. Мәселен, жақында «Хабар24» арнасы кениялық желаяқтар Токиода Қазақстан атынан сынға түсуге дайындалып жатқанын хабарлады. Осы афри­калық елдің тумасы саналатын 5 спортшы былтыр азаматтығын ауыстырып, қазақтың көгілдір құжатын алыпты. Қазір олар ұлттық құрама сапында қызу жаттығуда.


Мысалы, Каролин Кипкируи (әйел) 5 және 10 шақырымдық жү­гірісте жасөспірімдер арасын­дағы Африка чемпионы, Норе Джируте (әйел) – 3 мың метр қа­шықтықта кедергілермен жү­гі­ріс­те жасөспірімдер арасындағы чем­пион. Дэйзи Джепкемей (әйел) дәл осы спорт түрінен жасөспірімдер арасындағы жеңімпаз. Шэдрак Кимутаи Коеч (ер адам) – Кения чемпионат­тарының көп мәрте жүлдегері. Олардан өзге легионерлер қатарға қосылуы ғажап емес.

Айта кету керек, шетелден спортшы шақырамын деп, мем­лекеттің аузы күйген. Мәселен, 2012 жылы Қазақстан намысын қорғаған бұрынғы Қытай азамат­тары Зульфия Чиншанло мен Майя Манеза және Ресейден кел­ген Светлана Подобедова ауыр атлетикадан алтын әперді. Алайда 2016 жылы қайта тексеру нәти­жесінде олар тыйым салынған препараттар пайдаланды деп айыпталып, олимпиадалық ме­даль­дарын қайтаруға мәжбүр бол­ды. Әрине, бірқатар спорт ше­неу­нік­тері мен сарапшылар чемпион­дардың саяси құйтырқы ойындар құрбаны болғанын мә­лімдеп жатты. Бірақ ешқайсысы халықа­ралық сотқа жүгінбеді.

Қалай болғанда, допингпен қолға түскен спортшыларға енді аяушылық болмайды. Таяуда ұлт­тық заңнамаға енгізілген түзе­тулер бойынша рұқсат етілмеген препараттарды қабылдап, қолға түскен Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен пәтерлері кері тартып алынатын болды. Бұл үшін оларға мемлекет сыйлаған баспананы он жыл бойы жеке­шелендіруіне тыйым салынады.

Ресми мәлімет бойынша, Қа­зақстанда денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде ай­налысатын халықтың үлесі был­тыр 2017 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға артып, 5,4 миллион адам­ды құрады. Бұл – ел халқының 29,8%-ы.

Спортты дамыту саласында етектен тартқан проблемалары жетіп артылады. Республикада 38,6 мыңнан астам спорт ныса­ны жұмыс істейді. Бірақ оның 27,5 мыңы спорт мектептері не­месе мектеп залдары түрінде ғана болып келеді. Қалалардағы спорт кешендерінің кіру ақысын қа­рапайым халықтың қалтасы көтермейді.

Бұған қоса, ауылда спорт инфра­құрылымы нашар дамы­ған. Салада білікті кадрлар тап­шылығы сақталуда. Қолданыстағы спорт нысандарының құрал-жаб­дық­тары тоза бастаған.

Негізі дамыған елдерде, мы­салы, АҚШ, Австралия, Еуропа елдерінде спортшылар олжалаған медалі үшін мемлекеттен сыйақы алмақ түгіл, жаһандық жарысқа өз жинағына, жолы болғандары жарнама берушілер, демеушілер немесе жанкүйерлері берген қар­жыға барып, қатысады.

Алайда Қазақстан жас мем­лекет болғандықтан, халық рухын көтеретін, елді ілгері бастайтын шараларға бюджетін шығындауға мәжбүр. Мысалға, Мәдениет және спорт министрлігінің мәлі­метінше, отандық спортшы­лар­дың әлемдік спорт ареналарын­дағы жетістіктері, қазақстандық спорттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – «Қазақстанның дамы­ған 30 мемлекет қатарына енуінің бір құралы» ретінде белгіленген.

Республикамызда спортшы­лардың халықаралық додаларға дайындығын және қатысуын тек республикалық бюджет қана емес, сондай-ақ облыстық әкім­діктер мен ұлттық компаниялар қаржыландырады. Мемлекет олардың жарыс қарсаңында және сайыс күндері күнделікті тамақ­тануын да өзі көтереді. Ұлттық құрамаға кірген әр спортшы бюд­жеттен жалақы мен стипендия, сондай-ақ түрлі сыйлық алады.

Бірақ қаржылай ынталан­ды­рулардың артуы халықтың спорт­пен шұғылдануына соны серпін бере алмай отыр. Қазақстан­дықтардың біразы спортпен ай­налысқаннан гөрі, жарысты те­ле­дидардан тамашалап, букмекер­лік кеңселерде бәс тіккенді жөн көреді.

Сол себепті мемлекет спорт пен денешынықтыруды әсіресе, жастар арасында насихаттау шараларын үдетпек. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту және қазақстандық оқушыларға спорт­тық іс-шараларға қатысуға көбі­рек мүмкіндік беру үшін «Бүкіл­қа­зақ­стандық гимназиада» және «Дү­ние­жүзілік гимназиада» тер­мин­дері заңнамалық түрде бекі­тіледі. Оқушылардың патриоттық сезімін нығайту мақсатында «Мек­теп спорт лигасы» «Ұлттық спорт лигасына» трансформа­цияланады.

Бұдан бөлек, «Тұрғын үй қа­тынастары туралы» заңына өз­ге­рістер енгізіліп, көпқабатты тұр­ғын үй аулаларын міндетті түр­де ашық спорт алаңдарымен қам­тамасыз ету көзделеді деп күтілуде.