Грузиядағы сайлау: Саакашвили Отанына орала ма?
Грузиядағы сайлау: Саакашвили Отанына орала ма?
381
оқылды

Грузияда кезекті парламент сайлауы өтті. Биліктегі мил­лиардер Иванишвилидың «Грузин арманы» партиясы тағы да жеңіске жетті. Жеке-дара үкімет құруына мүмкіндік бар. Алайда күтпеген жайт та тіркелді. Елінде іздеу жарияланған Михаил Саакашвили жетекшілік ететін партия екінші орын алды. Сәйкесінше, негізгі оппозициялық күшке айналмақ. Аталған сайлау нәтижесінен соң Украинада реформаларға жауапты болып жүрген Саакашвили Тбилисиге оралуы мүмкін бе?

Сенбі күні өткен парламент сайлауы Грузия үшін ескі қар­сы­ластардың текетіресі жал­ғасқан алаңға айналды. Бір тарапта бүгінгі Грузияның ресми билігінің «сұр кардиналы» миллиардер Бидзина Иванишвили болса, қарсы жақта 2008-2013 жылдары осы елдің пре­­­­зиденті болған Михаил Саакаш­вили. О баста бұл азаматтарды әріптес болған деседі, алайда кейін миллиардер бастаған партия экс-президенттің елден қашуына түрткі болған. Тіпті, оның сыртынан бір­неше қылмыстық іс те ашты. Атап айтсақ, бюджет қаражатын ретсіз жұмсау, депутаттың ден­сау­лығына зақым келтіру, теле­ком­панияны заңсыз тартып алу, демон­странт­тарды таратуда заңсыз күшке жүгіну. Сондықтан Михаил Саакаш­вили Грузияға оралса, шекарада тұтқын­далуы мүмкін. Сонымен, сайлау нәтижесі Гру­зиядағы саяси күштердің сал­мағын өзгерткен дода болды. Бі­рінші орын­­да – Бидзина Ива­­ниш­вилидың «Грузин арманы – Де­мократиялық Грузия» партиясы, сайлаушылардың 48,16% дауысын жинады. Екінші орында – Михаил Саакашвили жетекшілік ететін «Тұтас ұлттық қозғалыс» партиясы, 27,12%. Сон­дай-ақ парламентке «Еуро­палы­қ Грузия» (3,78%), «Грузияға Лело» (3,16%), «Грузия патриоттары альян­сы» (3,15%) және басқалар өтті. Жалпы, енді сайлауға қатысқан 48 партияның 9-ның заң шығару органында өкілі болмақ. Себебі биылғы сайлауда партиялар бар болғаны 1 пайыздық белесті ба­ғындыруы керек еді. Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек демекші, Грузиядағы бұл сайлау бұған дейінгілерінен өзгешелеу болды. Неге? Біріншіден, аралас жүйеде өтті. 150 депутаттың 120-сы пропорционалды жүйемен, қалған 30-ы мажоритарлы жүйемен сай­ланады. Екіншіден, жоғарыда ай­тылғандай алғаш рет партиялар парламентке өту үшін 5 пайыздық емес, 1 пайыздық межені өтуі керек болды. Үшіншіден, шетелге қа­шып, бас сауғалаған Саакашвили Грузияда қайтадан қолдауға ие болды. Төртін­шіден, халықаралық бақылаушылар осы сайлауда заң­бұзушылықтардың көп болғанын мәлімдеп, бұл елдің бір қадам артқа шегінуі деп баға­лады. Мәселен, тек «Transparency International – Гру­зия» ұйымы 170 ереже бұзу фактісін тіркеген. Ал 2 250 сайлау учаскесін бақылаған Грузияның жас заңгер­лер қауым­дастығы да «бұл «Грузия­лық арман» партиясы билікке келгелі ең нашар ұйымдастырылған сайлау болды» деген қорытынды жасап отыр. Елдің Ішкі істер ми­нистрлігі бірден 12 қылмыстық және 16 әкімшілік іс қозғаған. Грузия Сайлаудың алдын ала қоры­тын­дысы жарияланғанымен, Са­акаш­­­вили бастаған оппозиция оның қорытындысымен келіс­пей­тінін мәлімдеп, жаппай ереуіл ұйым­дастыруға кірісіп кетті. Айт­пақшы, осы тұста екі нәрсені айта кеткен жөн. Экс-президент Ук­раинада тұрып жатқандықтан, өзі­нің сай­лауалды үгіт-насихатын онлайн жүргізді. Онлайн кампания үшін 27 пайыз жаман көрсеткіш емес екенін айта кеткен жөн. Оған қоса, сонау 2004 жылы Саакашвили кезекті парламенттік сайлаудың нәтижесін мойындамайтынын мә­лімдеп, төңкеріс нәтижесінде би­лікке келген болатын. Сол сце­­на­­рийді осы жолы да қайталай ала ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ тырысып көре­тін секілді. Өйткені оппозиция өкілдері дүйсенбі күні-ақ парла­мент үйінің жанында митинг ұйым­дастырып, шатыр тіге бас­таған. Әрине, оқиғаның түрліше өрбіп кетуін жоққа шығаруға болмайды. Қырғыз Республикасында жақында болған кезекті мемлекеттік төң­керіс оған анық дәлел. Бірақ қазіргі Гру­­зия 2004 жылғы Грузия емес. Бір революцияны бастан кешірген, көп нәрсе өзгерген, реформалар жүрген. Тағы бір төңкеріске жол бере қоймас. Алайда оппозиция өткен сайлауда биліктегі «Гру­зия­лық арман» партиясының жеңі­сі үшін дауыс сатып алу, жаппай бюл­летень тастау, сайлау учаске­сіндегі төбелес фактілері жиі кез­дескенін айтып отыр. Не де болса, Грузияның ішкі саясатында саяси салмақ өзгерді. Бұған дейін биліктегі «Грузиялық арман» парламенттегі 150 орынның 116-сын иемденсе, осы жолы 60-қа жуық орынмен шектелетін сияқты. Ал Саакашвилидің «Тұтас ұлттық қозғалыс» партиясы соңғы сай­лауда 6-орынды місе тұтса, сен­бідегі сайлау­дан соң 40 депутатын пар­ламентке отырғызуы әбден мүм­кін. Мұндай жағдайда бір-екі өкілі үкі­мет құрамына кіруі де ға­жап емес. Яғни, енді миллиардер Ива­ниш­­вилидың билігі шекте­летіні анық. Ал Саакашвили Гру­зияға оралатын жағдай әлі туын­дамады. Иваниш­вили оған жол бере қоймас. Себебі экс-президент еліне оралса, онда саяси жағдайды шайқап, тұ­­­­рақ­сыздық туғызуы бек мүмкін. Оны Петр Порошенко кезінде алыс­тағы Украинада да дәлелдеді. Сол себепті Грузиядағы қазіргі ресми билік, «Грузиялық арман» партиясының басшылығы Украи­нада Рефор­малардың ұлттық коми­­­тетіне жетек­шілік ететін Са­­акаш­вилидың елге келуіне барын­ша ке­дергі жасайды.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА