Ташкент қаласында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті,– деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
«ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сізбен бірге Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қатынастарды стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығаруға негіз салды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясаттың сабақтастығын сақтайды және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударады»,– деді А.Мамин.
Үкімет басшысы бүгінде Қазақстан–Өзбекстан қарым-қатынасы ынтымақтастықтың сапалы жоғары деңгейіне шыққанын атап өтті. Мұны барлық дерлік деңгейлердегі өзара әрекеттесу қарқыны дәлелдейді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, транзиттік-көлік, құрылыс, тоқыма, автомобиль жасау, мәдени-гуманитарлық, туристік және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланды.
2019 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ҚР мен ӨР арасындағы өзара сауда-саттық 25%-ға $2,6 млрд дейін өсті. Алдағы жылдары тауар айналымын $5 млрд дейін жеткізу жоспарда бар.
2 қарашада ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысады.