Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы бірқатар мекемеге барып, елордалық нысандарды аралады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барған Мемлекет басшысы астаналық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты.
Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес алуға болады.
«Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймағында іске асыру керек екенін айтты.
Сонымен қатар Президент орталық базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен әңгімелесті.
– Біздің елімізде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам – оның жолын іздейді және табады. «Іздеген жетер мұратқа», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы елордадағы №23 орта мектепке барды. Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 10 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі.
Мемлекет басшысына елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үшауысымды 8 мектеп барын, осы мәселені шешу үшін жыл сайын 12 мектеп салу қажеттігін айтты.
Сонымен қатар әкім Президент тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысаны құрылысы басталғанын хабарлады. Президент №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
– Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Ютария Ltd өндірістік-инновациялық компаниясына барып, кәсіби тігін жабдықтарын құрастырумен әрі жеткізумен айналысатын, арнайы киімдер мен басқа да тұрмыстық және техникалық бұйымдар шығаратын мекеменің жұмысымен танысты.
Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мекеме қызметкерлерімен әңгімелесу барысында олардың еңбегінің еліміз үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсететінін және осындай жандар үшін жұмыс орындарын ашатын мекемелерге әрқашан көмек беретінін атап өтті.
– Сіздердің фабрикаларыңызды үлкен қызығушылықпен аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл – қажетті әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік-жауапты кәсіпорын. Ең бастысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Мекеме қызметкерлері фабрикаға келгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Жалпы, мекемеде 460 адам жұмыс істейді, соның ішінде 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.
С.САДЫР