Жергілікті өзін-өзі басқару елдің билік жүйесіндегі толыққанды әрі күшті буынға айналуы тиіс. Павлодар облысында жұмыс сапарымен болған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева осындай мәлімдеме жасады.
Оның жұмыс сапары Павлодар облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуден басталды. Жүздесуде Парламент Сенаты мен аймақтағы заң шығару органдарының өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жергілікті мәслихат депутаттары Сенат басшысына аймақты дамытудың өзекті мәселелері туралы баяндады. Амбулаторлық көмек көрсету тарифтерін арттыру, құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігі, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысты әңгіме өрбіді.
Жергілікті қалаулылар сондай-ақ өңірдегі экологиялық мәселелерді де қозғады. Оларды әсіресе өнеркәсіптік өндіріс орындарының атмосфераны ластауы ерекше алаңдатып отыр.
Сенат төрағасы табиғатты қорғау қызметін қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. Ол бүгінде экологиялық көп зиян келтіретін кәсіпорындар аз айыппұл төлеумен құтылып келе жатқанын, дегенмен бұл жағдайды өзгерту керектігін атап өтті. Экология үшін жиналған қаражатты бөлу ісінде де назар аударатын мәселелер бар.
– Бұл айыппұлдар қайда кетіп жатыр, олар қайда жинақталады, кімнің қарамағына түседі? Біз оны Үкіметпен байыпты түрде талқылауымыз керек. Негізі былай болуы керек: облыста орналасқан кәсіпорындардың миссияларынан жиналатын қаржының едәуір бөлігі облыстың өзінде қалып, табиғат қорғау шараларына жіберілуі тиіс! – деді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Д.Назарбаева С.Торайғыров атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында облыстық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Билік пен халық арасындағы диалогта жұртшылық өкілдерінің рөлі, сондай-ақ қоғамдық кеңестер жұмысының тетіктерін жетілдіру – талқылауға өзек болды.
Сенат басшысы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен байытылған алюминий өндіру зауытын да аралады.
Дариға Назарбаеваға АЭА жұмысы паш етіліп, инвесторларға арналған жағдайлар туралы айтылды. Сенат төрағасы байытылған алюминий шығаратын және оның жеңіл балқымасынан автомобиль дискілерін жасайтын Giessenhaus зауытының жұмысымен танысты. Зауыт 2017 жылы іске қосылған. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 5 400 тонна өнімді құрайды.
Елдос СЕНБАЙ