Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының және мәслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар елорданың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады. Жиынға Nur Otan партиясы қалалық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Каналимов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов, Нұр-Сұлтан қаласының стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова және т.б. қатысты.
Қаланың Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының деректері бойынша, Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бағдарламасында индикаторлардың саны 121-ден 54-ке дейін азайған. Оның 40-ы бағдарламаға енгізу үшін міндетті индикаторлардың базалық тізбесіне кіреді. Қалған 14-ін министрлік ұсынып отыр. Атап айтқанда, аумақты дамыту бағдарламасын жетілдіру мақсатында 90 индикатор алынып тасталынып, мақсатты көрсеткіштерді қайта қарау және оңтайландыру тапсырылды. Сондай-ақ қосымша 23 индикатор, оның ішінде жаңа Базалық тізбенің көрсеткіштері енгізілді.
– 10 индикатор түзетілді. Мысалы, жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім. Егер 2019 жылы ол жан басына шаққанда 6 428,8 мың теңгені құраса, 2020 жылы 6 694,3 мың теңгені құрады. Есеп республикалық макроэкономикалық параметрлерді және қала әкімдігінің қаулысымен бекітілген 2020-2024 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып жүргізілді, – деп нақтылады басқарма басшысы Қайсар Манқараев.
Бұған сондай-ақ жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсу қарқыны, ЖӨӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі, негізгі капиталға инвестициялар және басқалар кірді.
Денсаулық сақтау саласындағы даму индикаторлары туралы айтқан Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәжит Шайдаров Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жүргізетін реформаларды сынға алды. Ол әсіресе №3 Перинаталдық орталық пен Дерматология және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу орталығының бірігуі осы аурулармен сырқаттанудың санын арттыруы мүмкін екенін жеткізді.
Алайда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова бұл процесс Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтеріне сәйкес көпбейінді аурухана құру үшін ғана жүргізілетінін түсіндірді. Жалпы, денсаулық сақтау саласында 2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту жоспары 9 нысаналы индикатор мен 16 іс-шараға қол жеткізуді көздеп отырғаны белгілі болды.
Жиын барысында сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, құрылыс және тұрғын үй саясаты сияқты басқармалар да даму индикаторларын ұсынды. Сондай-ақ кейбір атқарушы органдарының жұмыс қорытындылары бойынша нақты ұсыныстар жасалып, елорданы дамытудың негізгі бағыттарының орындалмау себептеріне талдау жүргізу және оларды шешу жолдары тапсырылды.
Әбілмансұр ЖАСАН