Nur Otan-ның облыстық және қалалық мәслихатқа арналған тізімі қалай түзіледі?
Nur Otan-ның облыстық және қалалық мәслихатқа арналған тізімі қалай түзіледі?
222
оқылды

Бұған дейін партия мүшелері облыс орталықтарынан шыққан рейтингі жоғары праймериз кандидаттарының бір бөлігі облыстық және қалалық мәслихаттарға депутаттық мандат ала алмай, резервте қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірген еді.

Сондықтан Орталық ұйымдастыру комитетінің хаттамасы негізінде және Праймеризді өткізу ережесіне сәйкес өңірлік филиалдар облыс орталығы болып табылатын қалалардың партиялық тізімдерін қалыптастыру тәртібі туралы жеке шешім қабылдады. «Тізімдер праймериз қорытындысы бойынша сайланатын кандидаттар мен партиялық квотадан жасалады. Облыстық мәслихаттың партиялық тізіміндегі басым үлесті аудандар және басқа қалалармен салыстырғанда сайлаушылар санының көп болуына байланысты облыс орталығы болып табылатын қалалардың кандидаттары құрайды. Тізімге ең жоғары рейтингке ие кандидаттар енгізіледі», - деді партияның баспасөз қызметі. Осы орайда кандидат мәслихат немесе Мәжіліс деңгейін таңдауға құқылы екені айтылды. Облыстық мәслихат және Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде ұсынылудан бас тартқан жағдайда үміткер пікірсайысқа қатысушылар тізімінен шығарылады және оның орнына жаңа үміткер қосылмайды. Бұл ретте осы кандидат міндетті түрде қалалық партиялық тізімге енгізіледі. Облыс орталықтарының партиялық конференцияларындағы пікірсайыстарға қатысушылардың тізімі облыстық партиялық тізімге қаланың өкілдік ету квотасында 1 орынға 2 кандидат есебінен жасалады. Пікірсайыстар мен дауыс беру қорытындылары бойынша ең жоғары дауыс жинаған қатысушылардың 50%-ы облыстық партиялық тізімге енгізу үшін ұсынылады. Оның ішінде, пікірсайыс қорытындысы бойынша ең көп дауыс жинаған кандидаттар Мәжілістің партиялық тізімінде өңірдің өкілдік ету квотасына сәйкес Мәжілістің партиялық тізіміне пікірсайысқа қатысушылар ретінде облыстық конференцияға ұсынылады.

«Қалалық партиялық конференциядағы пікірсайыстардан кейін дебаттан бас тартқандардан, пікірсайыстарда ұтылғандардан және партиялық квотадан (мәслихаттағы мандаттар санының 30%-ы) қалалық партиялық тізім бекітіледі. Бұл ретте партиялық тізімде 30% – әйелдерге, 20% – 35 жасқа дейінгі жастарға арналған квота сақталуы тиіс», - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясы өңірлік конференциялар кестесін жариялаған болатын. Оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер, сондай-ақ әр өңірден Мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталатын болады.