Көмірді қашан газға айырбастаймыз?
Көмірді қашан газға айырбастаймыз?
326
оқылды

«Көк түтінге» тұншыққан тұрғындардың көмірді газға айыр­бастауды армандағалы қашан?! «Ірі қалаларға газ кіреді» дегелі де он жылға жуықтапты. Көк түтінмен бірге улы қал­дықтар да қалаға төніп, айналаға тарап жатыр. Жылу электр орталықтары әлі күнге көмір жағып келеді. Бұл арман ақиқатқа айналар күн туа ма, тумай ма? Бізді мазалайтыны – осы.

Бұдан жеті жыл бұрын 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астананы қоса ал­ған­­да, елдің орталық өңірін газ­дан­дыруды қамтамасыз ететін құ­быр жүйесін жоспарлап, жүзеге асы­руға кірісуді тапсырамын. Бұл – көп қаржыны қажет ете­тін маңызды жұмыс. Газға тәуел­ді­ліктен арылу үшін біз оны жа­сауы­мыз керек. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін ел. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз», – деп Үкіметке тапсырма берді. Ал Қазгидромет 2016 жылы бас қа­ланы ауаның ластану деңгейі бойын­ша төрттікке енгізді. Тұңғыш Президент өз үндеуінде «газ­ға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады» деп атап көрсеткен болатын. Сол уақыттан бері біраз жұмыс атқарылды. Мі­не, газ құбыры елордаға да келіп жет­ті. «Самұрық-Қазына» АҚ бас­­қарма төрағасы Ахметжан Есі­мов Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын жеткізу туралы өт­кен жиында: «Елбасының 5 әлеу­меттік бастамасы негізінде, елор­даға газ жеткізу мақсатында, былтыр желтоқсан айында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу басталды. Ал дәне­керлеу жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында қолға алынып, 1 061 шақырымдық газ құ­бырының жұмысы мәресіне жет­ті» деген еді. Қазір техникалық жұмыс­тары жасалуда. Ол қараша айында аяқ­та­лып, желтоқсанда газ беріле бас­тайды. Одан ары қала әкім­дігі тиісті органдармен біріге оты­рып, елорданы толық газбен қамтуға мүмкіндік алмақ. «Бұл – ел­імізде жүзеге асырылған ірі инф­рақұрылымдық жобалардың бірі. Жобаның мақсаты – елор­дамен қатар, оған жақын облыстар мен елді мекендерді газбен қам­та­масыз ету» дейді Есімов.

Иә, газ құбырлары қазір тек елорда ғана емес көптеген қала іргесіне келіп тұр. Ал ЖЭО газға көшуге құлықсыз ба әлде қаражат жағы жетпей ме? Әйтеуір, көгілдір отынға ауысқан ЖЭО туралы естімедік. Мысалы, Алматы жылу электр орталығы 84 жылдан бері көмір жағып келеді. Экологияны жақсарту мақсатында қаладағы автопарк, тұрғын үйлер мен жылу орталықтары газға көшірілсе де, ЖЭО-ы газға көшуге әзір емес-мыс. Әлде басқа себебі бар ма? Ал ыстық суды қалаға жіберетін Жылу электр орталығы Алматыға ыстық судың 54 пайызын, электр тоғының 46 пайызын береді. Орталықта тәулігіне 6 мың, ал жы­лына орташа есеппен 2,5 мил­лион тонна Екібастұз көмірі жағылады екен. Енді осы 2,5 миллионға кемінде 8 не 10 мың теңгені (бір тонна көмір бағасы) көбейтіңіз. Миллиардтаған теңге шығады. Олай болса көмірге тапқан ақшаны газдандыруға жұмсауға болады емес пе?

­Осыдан барып газға неге көшпей отырмыз дегенге жауап та­былғандай болады. Өйткені Қарағанды, Екібастұз көмірін пайдаланып отырған ЖЭО газға көшсе, шетелге сатылғаннан қал­ған көмірді өткізе алмай, шығынға батамыз ба деген қауіп орын алмақ.

Бұл проблема Теміртау қа­ла­сында да өзекті болып тұр. Өйт­­­кені Қазақстанда ауадағы зиян­ды қалдықтардың 24 пайы­зы немесе 305 мың тонна өнеркәсіп қалдығын Теміртау шығарады. Бұл деректі Теміртауда экология мәселесіне арналған жиында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айтты. Қаладағы зиянды қалдықтардың басым бөлігі «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі. Ал Металлур­гия комбинаты ғана емес, Қара­ғанды аймағында шахтерларға да жұмыс беретін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Вадим Басин: «Шаң-тозаңды негізінен аглоөндіріс, ЖЭО ПВС және ЖЭО-2 шы­ғара­ды. Біз құрамында күкірт мол кездесетін мазуттан бас тар­тайық деп отырмыз. Бұған қоса Қа­ра­ғандыдағы көмір бассейнінде жұ­мыс істеп жатқанымызды ұмыт­пауы­мыз керек, бұл көмірден көп күл шығады. Табиғи газға көш­кен кезде мәселені шешеміз. Ал Костенко атындағы, «Абай» шах­таларының жағдайы не бола­ды? Оларды жабуға тура келе ме? Ол халыққа қалай әсер етеді?» дей­ді.

Иә, Теміртау ірі өндіріс ошағы, бұл қалаға да газға көшу өте тиімді болар еді.

Ал жақында газ құбыры тар­тылған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары биыл да ЖЭО-нан шыққан қара түтінге қарық бол­мақ. «Өйткені жобаланған газ­дандыру қала экологиясын жақ­сар­тады. Жасыратын ештеңесі жоқ, қыс мезгілінде қала қалың тұ­манның астында қалады. Бұл – бәріне белгілі жайт. Екіншіден, бұл жоба қауіпсіздік пен тазалыққа жағымды әсерін тигізеді. Қазір қалада күл мен шлактарды жою, көмірді сақтау проблемалары бар. Жалпы алғанда пештерді ұстау мен тазалау жағынан да түйт­кілдер туындады. Ал «көгілдір отын» бұл проблемаларды жояды. Сәйкесінше, қала тазарады. Қа­зіргі кезде тиісті жоба бар. Газ­дандыру жұмыстары басталды» дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов Astana телеарнасына берген сұхбатында. Жобаның қала үшін аса маңызды екенін айтқан Ермек Қизатов, «газдандыру барысы қалай жүріп жатқанын үнемі бақылауда ұстап отырмыз» дейді жобаға тапсырыс беруші – «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясы.

– Жұмыс жақсы қар­қынмен, жақсы кестемен жүріп жатыр. Қала маңында аталған компания екі газ тарату стансасын салады. Бүкіл шаһар газды содан алады. Қазір бұл аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Өз тарапымыздан біз қала ішінде газды қабылдайтын ішкі же­лілердің құрылысын бастап жа­тырмыз, – дейді ол.

«Газ тұрғын үйлерге қашан қо­сылады?» деген сұраққа Ермек Қизатов: «Қаланы газдандыру жо­басы үш кезеңге бөлінді. Яғни, қа­ланың барлық тұрғын алабын қам­тып отыр. Бірінші кезеңді бас­тадық. Бұл – 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ны газдандыру» деген болатын.

Газдандыру не береді? Бірін­шіден, әртүрлі экологиялық зиян­ды қалдықтардың мөлшерін ауада азайтады. Газ бен көмір қал­дықтарының арасындағы айыр­машылық 10 есеге дейін жетеді. Яғни, газ тартылған соң қалаға зиянды қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды. Бұл ондаған, мың­даған тонна мөлшерімен өл­шенеді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі келесі жылы 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның барлық су жы­лытатын қазандықтарын газға ауыстыруға болатынын айтады. Яғни, газдандырудың үлкен бастау көзі – ЖЭО. Тұрғын алаптарды газдандыру басталғанда үйлерді пешпен жылыту азаяды. Міне, аталған жоба жүзеге асса, келесі жылыту маусымында экологияның жақсарғанын айқын анғарамыз. Шенеуніктер 2021 жылдың аяғы мен 2022 жылдың басында түтін мә­селесін толығымен жоямыз деп отыр. «Бізде нақты, бәріне түсінікті жоспар бар. Сол жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен көмірден құтылып, газға көшеміз» дейді әкімдіктегілер.


Түйін.

Түтіннен көз ашпаған қала тұрғындары іргелеріне газ құбыры келгеніне қуанып қал­ғаны рас. Енді бұл ішкі сезімді түрлі сылтаумен тұншықтырып тастамаса болды. Бірінші болып бас қаланың Жылу электр орталық­тары газға көшсе, басқа қалаларға үлгі болар еді. Астаналықтар ке­лесі жылы көгілдір отынды пай­даланамыз деп отыр. Сенейік!



 Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ