Қапшағайда полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық дерегін ашты.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың 30 қазанында Қапшағай ҚПБ кезекші бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны үй аумағынан құны 130 000 теңгені құрайтын құрылыс материалдарының ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігі бойынша тіркелді.
Бұл қылмысты тергеушілер бір тәулік ішінде ізін суытпай ашты. Бейнебақылау камералары арқылы ұрлық жасағандардың белгілері мен қозғалыс бағытын анықтаған тәртіп сақшылары 38 және 33 жастағы екі жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Ұсталғандардың айтуынша, олар металл шатырды бөлшектеп, темір қабылдайтын орынға өткізген, ал кабель астындағы ағаш катушканы үйлеріне апарған. Өз іс-әрекетін мойындаған күдіктілерге ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
«Қазіргі заманауи техникалар полиция қызметкерлеріне қылмыстарды ашуда үлкен септігін тигізуде. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері. Бұл мысалдан объективке түсіп қалған азаматтардың кабель астынан катушканы орап жатқанын көруге болады. Бұл кадрларды көрген полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада анықтады»,- дейді Қапшағай ҚПБ ЖПҚБ бастығы полиция полковнигі Талғат Бигалиұлы Базиев.