Оқушыны мектепке апаратын күндері көлік көбейіп кетеді
Оқушыны мектепке апаратын күндері көлік көбейіп кетеді
221
оқылды
Мектеп күндерінде елорда көшелерінде жүретін көліктер саны 30 мыңға артады. Қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Telegram парақшасында осылай деп жазды. Әкім орынбасары қазіргі мектеп демалысы болған аптада арнайы зерттеу жүргізілгенін, осы орайда Нұр-Сұлтан жолдарында көліктің қаншалықты азайғаны байқалғанын мәлімдеді. – Біз «Сергек» кешенінің көмегімен астаналық трафикке бақылау жүргіздік. Жиырма мыңнан астам жүргізуші оқушыларды мектепке жеткізеді және жаз мезгілінде 20-30 минутқа созылатын қарбалас сәтті 1,5 сағатқа ұзартады екен. Бақылаудың негізіне мектепте оқу болып жатқан және демалыс мезгіліндегі екі күннің деректері пайдаланылды,– деді ол. М.Бектұрованың айтуынша, жұмыс күндері ата-аналар балаларын мектепке таңертең сағат 7:30-дан 8:40-қа дейін апарады. Осы уақытта жол трафигі шарықтай түседі. «Егер мектеп демалысы күндерінде қала жолдарындағы көлік саны 150 мың болса, сабақ басталғаннан кейін ол 180 мыңға дейін жетеді»,– деп түсіндірді Малика Бектұрова.