31 жігітті қамшының астына алған қаракөз
31 жігітті қамшының астына алған қаракөз
227
оқылды

Ұлы даланың ұрпақтары жылқы жан­­уарын ерекше бағалаған. Сондықтан  дүниеге ұл келсе, «тұлпар мініп, ту ұс­тасын» деп тілеген. Осылайша, ырым­даған қазақ жаугершілік заманды  да, бейбіт күннің таңын да жылқы жалында атырған. Әрине, қазақ танымында батыр бол­мысы ұл баламен байланыстырып отыр­са да, жылқы мініп, асау үйреткен қара­көздеріміз  аз емес. Сондай қайсар қызы­мыздың бірі  – Қордай ауданының ту­масы Жания Сатылғанова.

Жанияның өнеріне біз ең алғаш  2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мере­келенген торқалы тойда куә болғанбыз. Қыз қууға шыққан қаршадай қызға қытай жігіті  қырындап  шыққанымен,  әлгі қытай қызға қуып жете алмай, соңы  қамшының астында қал­ған еді. «Әп, бәрекелді!» дестік. Содан бері 5 жыл өте шықса да, біз Жания Жақсыбайқызына іздеу салып, оны Қордай ау­данынан таптық. 1995 жылы Қордай ауылын­да дүниеге келген Жания бүгінде Қа­зақ ұлттық аграрлық университетінің сту­денті. Жастайынан жылқы жалында өс­кен ару қазір бәйге аттарын суытумен ай­налысуда екен. Қаракөзіміздің айтуынша, атасы Мұратхан Қартабаев та кезінде елге белгілі атбегі болыпты. Мұратхан қарияның жылқытану ілімінің негізінде бүгінде немересі асау үйретіп, бәйге аттарын баптауда.
– Атамның  қасынан қалыс қалмай ат­бегіліктің  қыр-сырын жастайымнан санама сіңірдім. Ойын баласы кезімде қатарластарым қуыршақ ұстап жүрсе, мен ат жетектеп, атама қолғабыс еттім. Көргенімді санама түйіп, жыл өткен сайын атбегілік өнерге деген қызы­ғушылығым арта түсті.   Ең алғаш рет 18 жасымда Қордай ауданында әз-Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бәйгеде бағымды сынадым. Араға бір жыл салып,  Президент кубогы сарапқа салынған додаға қатысып, жорға жарысты жүйрігімнің бабы келіскенімен бағы жанбай 6-орыннан көріндім. Алайда жігерімді құм қылмай, бұдан кейін бес жорға жарысында бақ сынап, басым көпшілігінде  жеңімпаз болып шықтым. Одан бөлек, 31 рет қыз қууға шығып, 31 жігітті қамшымен сабадым. (күліп) Негізі, кез келген жарыста  жүзден жүйрік шығу арғымағыңа байланысты. Осы таңға дейін жеткен жетістіктерім «Қызкүрең» атты сәйгүлігімнің арқасы, – дейді Жания. 
Қазір қаракөзіміздің бір өзі бәйгеге – 10, көкпарға – 2, қыз қууға 2 жылқыны баптап отыр. Тұлпарды тұрысынан танитын Жания әр атты табиғатына, бітім-болмысына қарай баптау әдістері әр алуан болатынын айтады.
– Күз айларында ас беріп, ат шаптыратын­дар көбейетіндіктен қазір күндіз-түні жыл­қылардың жанындамын. Ат баптаудан бөлек, асау үйретіп, көкпарға шапқанды жаным ұнатады.  Басына құрық тимеген шу асауды үйретіп, ырқыңа көндіру бойыңа керемет бір көңіл күй сыйлайды.  Бүгінгі күнге дейін 15 асау үйреттім. Асау үйрету кезінде және көкпарға шапқанда дене жарақатын алып, ауруханаға түскен кездерім де болды.  Алайда бұл менің атбегілік өнерге деген махаббатымды сөндірмеді. Көкпарға алғаш шауып жүргенімде ер-азаматтар таңғалғанымен кейін үлкендер батасын беретін болды. Қариялардың осындай қолпаштауының арқасында командалық көкпарларға қатысып, бірнеше мәрте салымды болдым. 35 келіге дейінгі серкелерді емін-еркін көтере беремін. Жерде жатқан серкені де  шауып келіп іліп кету  маған қиын  соқпайды. Биыл 25 жасқа толып отырмын. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде мал дәрігері мамандығы бойынша білім алудамын. Мақсатым – оқуымды ойдағыдай аяқтап, білікті сала маманы атану. Және атбегілік өнері арқылы Қазақстан атын әлемге танытқым келеді, – дейді Жания Сатылғанова.
Қаракөзіміз  осыдан бірнеше жыл бұрын ат баптау үшін Ресей мемлекетіне шақырту алған екен. Алайда туған елі мен жері үшін бұл ұтымды ұсыныстан бас тартқан. Жания келер жылы оқуын тәмамдағаннан кейін жылқы шаруашылығына түбегейлі бет бұруды  ойлауда. Біз де қаршадай қызымыздың еркекке бергісіз ерлігіне тәнті болып, атбегілік өнеріндегі жолына тек табыс тіледік.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы