Елімізде 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім буллингтің құрбаны болады немесе өзгелерге қоқан-лоқы көрсетеді екен. Бұл деректер Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Мектеп жасындағы балалардың денсаулығын сақтау тәртібі (HBSC)» атты зерттеуінде келтірілген.
11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 17 пайызы айына бір немесе бірнеше рет мектептегі буллингті бастан өткерген. Ауыл баласынан гөрі, қала мектептеріндегі оқушының басым көпшілігі осының құрбаны болады екен.
Бұл мәселенің бүгінгі хал-ахуалы, балаларға ықпалы жөнінде Дағдарыс орталықтары одағының психологы Салтанат Маусеитовамен әңгімелескен едік.
Соңғы уақытта елдегі ахуалдың нашарлауынан, пандемияның кесірінен ел арасында қысым көбейе түсті. Оның әсерінен адамдар стресске түсіп, отбасынан немесе өз ортасынан ашуын алады. Ал жасөсіпірімдер өз құрдастарына «жұдырығын ала жүгіреді». Сол арқылы ол өзінің бар екенін, оған да құлақ асуы керегін өзгелерге дәлелдегісі келеді. Сондықтан кез келген стресстің үлкенге ғана емес, балаға да әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Олардың да айтқанына құлақ асайық.
Ал бүгінгі әлеуметтік заманда жасөспірімдер арасында кибербуллинг кеңінен таралып жатыр. Яғни адамды интернетте, мысалы әлеуметтік желілерде қорлау. Көңілге тиетіндей хабарламаларды смс немесе электронды поштаға жіберіп, адамды қорлайтын бейнероликтер, суреттер, өсек немесе жалған сөздер таратуы мүмкін. Тіпті әлеуметтік желілерде жәбірленушінің атынан жалған аккаунттар құрып, онда ерсi фотосуреттерді жүктеп, буллинг жасауы ықтимал. Не болмаса әлеуметтік желілердегі достар тобынан әдейі шығарып тастайды.
Егер күмәніңіз расталса, бірден ашуға беріліп, айғай-шу көтерудің қажеті жоқ. Сабыр сақтап, «бұл мәселені қарастырамыз» деп алдымен баланы жұбатқан жөн. Артынан сынып жетекшісімен кездесіп, жайлап сөйлесіп көріңіз. Мәселені дабыралата көтеріп, мектепті шулатқанан еш пайда таппайсыз. Ертең балаңыз айтып қойғаны үшін қайтадан таяқ жеп, зәбір көруі мүмкін ғой. Ол кезде екі есе тиісуі де ықтимал. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, мәселені жан-жақты қарап, зерделеп шешкен дұрыс.