Нысандарды заңсыз тұрғызылды деп тану туралы сот шешімдері бойынша елордада 28 ғимарат сүріледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Бүгінде «Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесі заңсыз салынған нысандарды анықтау және оларды одан әрі бұзу бойынша іс-шаралар жоспарын бекітуде.
«Бұл ғимараттар заңсыз, мемлекеттік жерге жобалық-сметалық құжатсыз және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына ескертусіз салынған. Тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, нұсқаулық алды. Алайда, бұзушылықтар ерікті түрде жойылған жоқ, соған байланысты сотқа талап арыздар берілді. Қазіргі уақытта соттың заңды күшіне енген шешімдері бойынша атқару парағы Нұр-Сұлтан әділет департаментіне жіберілді», - деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бердалин.
Айта кетейік, биыл басқарма 354 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, жіберілген бұзушылықтарды жою туралы 100-ден астам бұйрық шығарып, 345 хаттама жасаған.
Өндірістік, тұрғын үй немесе шаруашылық нысандарына жер учаскесіне тиісті құқығы жоқ заңсыз құрылыс салғаны үшін жеке тұлғаларға 75 АЕК, шенеуніктер, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін - 100 АЕК, орта бизнес - 150 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін заңсыз салынған ғимаратты мәжбүрлеп бұзу немесе онсыз - 700 АЕК көлемінде айыппұл салынады.