Солтүстік Қазақстан облысы шамамен 2 миллиард теңгеге тұз өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасынан хабарлады,–деп жазады LS.
Мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта зауыт салу үшін жер учаскесі бөлініп, теміржол тұйығы мен автомобиль жолына шығатын жол тараптары қарастырылып жатыр.
«Жобаны жүзеге асыру үшін 1,9 млрд теңге көлеміндегі инвестиция қажет. Инвестициялау мерзімі – бір жыл, жобаны жүзеге асыру үшін бес жыл қажет. Кейін зауыт өзін-өзі қаржыландыру режиміне өтеді»,– делінген департамент түсіндірмесінде.
Кәсіпорын құрылысы үшін жергілікті және шетелдік инвесторларды тарту жоспарланған. Дегенмен, барлау және өндіру жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті.
«Өндіріс пен сату көлемі жылына 300 мың тонна өнімге жетеді. Осылайша, компания жылына 70 мың тонна ас тұзын және 230 мың тонна өңделген техникалық тұз өндіреді»,–деді департамент.
Кәсіпорын дайын өнімді ішкі нарыққа жеткізуді жоспарлап отыр. Зауытта кем дегенде 150 жұмыс орны ашылады.