Жастардың жаны жабырқау
Жастардың жаны жабырқау
286
оқылды

Қазақстанда жастардың 250 мыңнан астамы не жұмыс істемейді, не оқу оқымайды. Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осындай елді елең еткізген деректі жария етті. Парламенттегі жиында биылғы Жастар жылының қоры­­тындылары байыпталып, 2020 жылы Волонтерлер жылын өткізуге дайындық мәселелері пысықталды.

Отырысты ашқан Мәжіліс төра­ға­сының орынбасары Гүлмира Исимбаева бүгінде әлемде жүріп жатқан өзгерістер, экономика мен әлеуметтік саладағы, технологиялар мен коммуникациялардағы жаңа үрдістер бірінші кезекте жастарға ықпал ететіне назар аудартты.

Оның мәліметінше, елдегі жастар саны халықтың 21%-ын құрайды.

– Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын іске асыруға республи­ка­лық бюджеттен 3 жылға 292 мил­лиард теңгеден астам шығын қарас­ты­рылған. Көріп отырсыздар, қар­жы­сы аз емес. Дегенмен жастарды алаң­дататын мәселелер жетерлік. Әсі­ресе, баспанамен қамту мәселе­ле­рі сол бұрынғыдай өткір күйінде қалуда. Елбасының жұмыс істейтін жастар үшін 3 мың жалдамалы пәтер салу тапсырмасын орындау мақса­тын­да Парламент өткен сессияда тиіс­ті заң жобасын қысқа мерзімде қабылдады. Құқықтық негізі жасал­ды, бюджетте қаржы қарастырылды. Бірақ жыл аяқталып қалғанымен, тұрғын үй әлі берілген жоқ! – деді Г.Исимбаева.

Ол жастар арасындағы жұмыс­сыз­дық деңгейі де сол бойы жоғары болып отырғанын қадап айтты. Кө­кейтесті мәселелер қатарында ауыл мен қала жастары арасындағы даму­дағы алшақтық, мәдени және спорт­тық шаралар секілді бос уақыт­ты тиімді ұйымдастырудағы олқылық­тар аталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев қазақстандық жас­тар­дың 7,2%-ы немесе 254 мың­дай адам жұмыс істемейтінін және еш жерде оқымайтынын баяндады.

– Әрине, 254 адам – орасан зор сан. Осы орайда біз мәселеге тере­ңі­рек үңіліп, кейбір деректерді нақты­ла­­дық. Мәселен, оның ішінде 52 мыңы – ауыл шаруашылығын жүр­­гізу, отбасы мүшелерін бағып-қағу себебінен жұмысқа тұра алма­ған­дар. Арасында жас аналар да бар. Тағы 33 мыңы – денсаулық жағ­дайына бай­ла­­­нысты жұмыс істей ал­май­тындар. Көбісі мүгедектік бойын­ша жәрдема­қы алады. Біз олар­дың да жағдайын ойлас­тырамыз, соның ішінде онлайн курстар қарастырамыз, – деді Дәурен Абаев.

Ведомство іссіз жүрген жастар­дың үлесін азайтып, 2021 жылы 6% дейін жеткізбек.

Ол сондай-ақ жастардың ерікті болып жұмыс істеген жылдарын ең­бек өтілі ретінде есептеу көзделіп отыр­ғанын хабарлады. Бүгінде елі­міз­де 200-ден аса волонтерлік ұйым бар. Бұл қозғалыс 50 мыңнан астам қазақстандықты қамтиды.

– Біз заңнаманы жетілдіруді, соның аясында волонтер ретінде жұмыс істеу мерзімін еңбек өтіліне қосу немесе ерікті болып қызмет ат­қа­­­руын ЖОО, колледжге түсу кезін­де ес­керу мәселесін пысықтаудамыз. Бұл жерде мұқият болғанымыз жөн. Әйтпесе, қағаз жүзінде бәрі жақсы естіледі: бірер жыл ерікті болады, еңбек өтілі жүріп жатады. Ал өмірде бұл басқаша сипат алуы ықтимал, – деді министр.

Мәселен, «бармақ басты, көз қыс­ты жолмен» тек қағаз жүзінде ерік­ті болғандар көбейіп шыға келуі ғажап емес.

Д.Абаев 7 жалпыұлттық жобаға еріктілер тартылатынын айтты. Бұл жобалар – «Білім» (еріктілердің ауыл оқушыларын ҰБТ-ға дайындауы, ағылшын тілін үйретуі, компьютерлік сауа­тын ашуы), «Сабақтастық» (мек­теп оқушыларының балалар үйлеріне қамқоршылық жасауы), «Саулық» (саламатты өмір салты), «Таза әлем» (таби­ғатты қорғау), «Асыл мұра» (во­лон­­терларды материалдық, рухани, мәде­ни, тарихи мұраны сақтауға қатыс­тыру), «Қамқор» (қарттар үйле­ріндегі жұмыс), «Үміт» (із-түссіз жоғалған азаматтарды іздеу). Осыған байланысты барлық өңірде «Бірге­міз!» ортақ тұжырымдамасы­мен волонтерлік қызметті қолдау орта­лықтары құрылмақ.


Ерік ЕРДЕН