Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев жоғары оқу орындарындағы жемқорлықты жою мәселесін көтерген болатын. Осыған орай, партияның жанынан құрылған Jas Otan Жастар қанаты биылғы оқу жылы басталғанда «Таза сессия» акциясын ұйымдастырды. Оған 15 мыңға жуық студент атсалысты. Нәтижесі БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланған соң тұрғындар арасында түрлі әңгімелер айтылды.
Осы орайда, қоғамдағы өзекті әрі маңызды мәселелерді ашық талқылап, оның шешу жолдарын қарастыратын Nur Otan Trends-те бұл мәселе бойынша талқылау өткізді. Пікірсайыс алаңында жоғары оқу орындарындағы жемқорлықтан арылу мәселесін Jas Otan Жастар қанатының жетекшісі Дәулет Кәрібек, Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев талқыға салды. Сондай-ақ Transparency International Kazakhstan-ның атқарушы директоры Ольга Шиян, «Саналы ұрпақ» студенттік клубының жетекшісі Дамир Әшіров, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Мирас Дәуленов те еліміздегі ең өзекті мәселенің жоғары оқу орындарында да белең алуына қатысты ойларын білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Талқылау барысында бірқатар келесі мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлық, сыбайлас жемқорлықтың заңдылықтары, «Оқытушы-студент» арасындағы екіжақты жауапкершілік, Қазақстан қоғамындағы сыбайлас жемқорлыққа төзімділік деңгейі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бойынша халықаралық тәжірибе және т.б. мәселелер бойынша спикерлер әңгіме өрбітті. Өз кезегінде Jas Otan Жастар қанатының жетекшісі Дәулет Кәрібек Jas Otan Жастар қанаты ұйымдастырған сессияның нәтижелеріне кеңінен тоқталды.
Пікірталас соңында сарапшылар жұмыстың ең негізгі бағыты сыбайлас жемқорлықпен күресу деген тоқтамға келді.
Әбілмансұр ЖАСАН