Басынан Теміртаудың «бұлт» аумай ма?
Басынан Теміртаудың «бұлт» аумай ма?
324
оқылды

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қалдық көлемін 30% түсіруді міндетіне алды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кәсіпорынмен жасалған меморандум шарттарын қатаң бақылауында ұстайды.

Министрлік пен компанияның 2019-2023 жылдар аралығында жа­­салған меморандум шарты ве­домство­ның Facebook-тегі па­рақ­­шасында жарияланды. ҚР Эко­логия, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев­тің айтуынша, бұл шара Темір­тау қаласындағы эколо­гия­­лық ахуалды жақсарту үшін ат­қарылып жатқан жұмыстың басы ғана.

«30% аз көрсеткіш емес, бірақ қуанарлық жағдай да емес, себебі біз шығарындылардың көлемін 30%-дан артық қысқартуға мүм­кіндік бар деп санаймыз», – деді М.Мырзағалиев.

Ведомство басшысы атал­ған құжаттың орындалу шарт­та­рын министрлік «үлкен жауап­кершілікпен және өте қатаң түрде» қадағалайтынын ескертті.

«Бұл мәселе өте қатаң бақы­лау­ға алынады. Бұл компания үшін эмиссияға рұқсат алатын шарт болады. Яғни, егер компания эмиссияға рұқсат алмаса, онда жұмыс істеуге құқығы жоқ. Сон­ды­қ­тан бұл – өте қатаң жағдай», – деді министр.

Министрдің жағдай қатаң бақылауға алынады деуіне үлкен себеп бар. Теміртау – ауаға тарай­тын зиянды қалдықтар көлемі жағынан еліміздегі экологиялық қалалардың көшін бастап тұр. Министрлік мәліметінше, Темір­таудағы қалдықтар адам басы­на шаққанда бір жарым тонна­дан келеді екен. Бұл – өте үл­­кен көр­сеткіш. Айта кетейік, «Ар­селор­Миттал Теміртау» АҚ – Қазақстанның тау-кен өн­ді­рі­сіндегі ірі кәсіпорынның бірі. АҚ иелігіне Қарағанды облысындағы сегіз көмір шахтасы және Қара­ғанды, Ақмола, Қостанай облыс­тарындағы төрт темір рудасын өндіру кен орындары кіреді.

М.Мырзағалиевтің мәлі­ме­тінше, қаланы ластайтын қалдық­тардың шамамен 80-90%-ын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шығарады.

Экология министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын тара­пы­нан қаланың экологиясын та­­зартуға жұмыс атқарылып жат­қа­ны­мен, жағдай жақсармай тұр. Компания соңғы 6 жыл ішінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырды.

«Қаржылық шығындар ауқы­мында бұл тиімді көрінеді, бірақ ластаушы заттардың шығарылуын тек 13,5 мың тоннаға ғана қысқарту жүргізілді. Бұл тек шаң бойынша (жалпы көлемнің 6,5%). Басқа улы газдар бойынша қысқартулар жоқ», – деді министр.

Компанияның жұмысында газ тазарту қондырғыларының тиімсіздігін және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың уақытылы орындалмауы анық­талып отыр.

Сондай-ақ министрдің ай­туын­ша, соңғы 4 жылда қалада атмосфералық ауа сапасының нақты жағдайы жақсармады. «Жүйелі негізде шаң, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот тотығы, күкіртті сутегі, фе­нол, аммиак бойынша асып кетуі тір­келді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ны­сандарында жүр­гізілген мемлекеттік экологиялық ба­қы­лау нәтижелері бойынша атмосфералық ауа сапасының нашарлауымен қатар табиғатты қорғау шараларының тиімділігі төмен», – деді М.Мырзағалиев.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен АҚ арасындағы меморандум бойынша, кәсіпорынға үлкен міндеттер жүктелді. Мәселен, шығарындылар эмиссиясын қыс­қартумен қатар компания Теміртау қаласы маңында 500 мың­ға жуық ағаш отырғызуға мін­дет­теме алды.

Бір «АрселорМиттал Те­міртау» кәсіпорыны ғана емес, жаңа экологиялық кодекс қабыл­дан­ғаннан кейін еліміздегі ірі өнеркәсіптік компаниялардың қоршаған ортаға жүктемені азайту мақсатында жаңа технологияларды енгізуге міндеттемесі енгізілетін болады.

«Елдегі ірі өнеркәсіп ком­па­нияларының аудиті жүргізіледі, олардың бүгінгі күні 2,2 мыңы бар. Әрбір кәсіпорынға ең жақсы қол­жетімді технологияларға көшу бойынша ұсыныстар бері­летін болады. Егер компания тиімді технологияға ауысса, бұл жағдайда ол эмиссия үшін төлемнен бо­са­тылады. Бұл – тыйым салу және ынталандыру әдісі. Егер ком­пания тиімді технологияға ауыс­паса, он­да бұл жағдайда эмиссия үшін төлем деңгейі геометриялық прогрес­сияда өсетін болады. Бұл елі­міз­дегі экологиялық жағдайды жақ­сартуға мүмкіндік беретін әдіс», – деді министр.

Бұдан бөлек министрлік Теміртау қаласы бойынша таби­ғатты қорғау іс-шараларының жеке жоспарын әзірлейді.