Алматы облысында мал ұрылары ұсталды
Алматы облысында мал ұрылары ұсталды
221
оқылды
Алматы облысының полицейлері Кербұлақ ауданынан мал ұрыларын ұстады. Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазан айының бірінші жартысында Сарыөзек және Шилісу ауылдары тұрғындарынан жеке сектор аулаларынан түнгі уақытта қой мен ешкілерінің ұрланғаны жайында үш арыз келіп түскен. Аталған деректер ҚР ҚК 181-1-бабы бойынша тіркелгеннен кейін, тергеушілер бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастырған. Нәтижесінде, олар белсенді көмекшілердің көмегімен бұрын ұрлық жасалған орындарында байқалған «Мерседес» көлігін бақылауға алған. Күдік тудырған көліктің иесін тапқан полицейлер көлік иесі оны туысқанына біраз уақытқа бергенін анықтады. Жүргізуші, аудан орталығының 59 жастағы тұрғынын ұстаған тәртіп сақшылары көліктен тасымалданған қойлар мен ешкілердің іздерін тапты. Көп ұзамай екінші күдікті - Қапшағай қаласының 29 жастағы тұрғыны ұсталды. Ұсталғандардың екеуі де ұсынылған дәлелдемелерден кейін , ауылдың үш тұрғынының 25 бас ұсақ малын ұрлағандарын мойындады. Тергеу барысында ұрланған затты сатып алушы Қарасай ауданы Шалқар ауылының 34 жастағы тұрғыны анықталды, оған қатысты ҚР ҚК 196-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол барымташылардан сатып алынған 25 бас ұсақ малдың 22-сін қайта сатып үлгерген. Тек үш бас мал ғана алынып, заңды иесіне қайтарылды.
«Автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тергеу соты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың облыс аумағында осындай ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде»,- деді Кербұлақ АПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Әлішер Қаптағаев.