«Nur Otan» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаевтің тікелей эфирі өтті. Азаматтардың өмір сапасын жан-жақты жақсарту, әркімнің таза суға, тұрғын үйге және сапалы жолдарға қолжетімділігі, осы және басқа да мәселелер облыстық филиалдың тікелей эфирінде тілге тиек етілді.
Қостанай облысында газбен жабдықтау, жолдар, таза ауызсумен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселесі өзекті болып тұр. Жергілікті билік барлық күш-жігерімен әрбір тұрғынының игілігі үшін жұмыс істейді. Бұл туралы Эльдар Күзенбаев тікелей эфир кезінде айтып өтті. – Жаһандық коронавирус пандемиясы біздің елдің экономикалық жағдайына кері әсер еткені жасырын емес, осы бағытта біздің мемлекет те азаматтарды қолдау үшін дағдарысқа қарсы шаралар әзірледі. Күн сайын жол-көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға, сондай-ақ саламатты экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда, – деді Эльдар Күзенбаев. Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бүгінде көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін басты міндет – автомобиль жолдарының сапасын арттыру және 2025 жылға қарай жолдардың үлесін жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 95 пайызға жеткізу. Оған қоса, 300-ден артық адам тұратын ауылдарда орталықтандырылған су құбыры тартылады, 200-ден 300-ге дейін немесе одан да көбірек тұрғын болса, олардың келісімімен су тазарту және тарату нүктесі салынады. 200 адамға дейін халық тұратын ауызсуы сапалы құдықтары мен ұңғылары жоқ шағын ауылдарда сумен қамтамасыз етілген шаққа дейін қажетіне қарай ауызсуды тасып беру ұйымдастырылады. Жергілікті атқарушы билік күшімен 11 ауылда сумен жабдықтау желілерін қайта құрумен қатар 93 ауылда сумен жабдықтау нысандарын салу жоспарлануда. Нәтижесінде, аталған шаралар облыс ауылдарының қосымша 98,3 мың тұрғынын сумен жабдықтауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қатысты тікелей эфир барысында 2019 жылы «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары шеңберінде 1 580 отбасы баспаналы болғаны белгілі болды. Жергілікті билік тұрғын үймен қамтамасыз етуде бір адамға шаққандағы көрсеткішті 20 шаршы метрден 2025 жылы 25,1 шаршы метрге жеткізу мақсатын басты жоспар етіп қойды. Облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін облыстың 9 ауданының халқын (Әулиекөл, Алтынсарин, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Қостанай, Б.Майлин, Федоров) үзіліссіз газбен қамтамасыз ету міндеті бар. Биыл бірқатар ауданның халқы (Әулиекөл, Алтынсарин, Федоров) үй жылыту және тұрмыстық мақсатта пайдалану үшін табиғи газға қолдары жететін болады. – Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – бұл аймақтың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіші. Біз білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қызметтер саласындағы сапалы қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы аймақ тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартамыз. Жергілікті билік Қостанай облысы тұрғындарының үміттерін қанағаттандыру үшін барлық шараларды қабылдайды, – деді Эльдар Күзенбаев. Аймақтық филиалда осындай тікелей эфирлер тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқанын айта кеткен жөн. Облыс тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын тікелей қойып, оларға бірден жауап алуға мүмкіндігі бар. Тікелей эфир туралы хабарландырулар алдын ала партияның әлеуметтік желілердегі ресми парақшасында жарияланады.Әбілмансұр ЖАСАН