Д.Назарбаева: Қазақстан Өзбекстанның аймақтағы басты сауда әріптесі
Д.Назарбаева: Қазақстан Өзбекстанның аймақтағы басты сауда әріптесі
251
оқылды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Бұл жөнінде Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтті. Дариға Назарбаева Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарындағы барлық салаларда дамудың жоғары қарқыны көрініс тауып отыр. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиеевтің сіңірген еңбегі зор»,– деді Сенат Төрағасы.

Сенат басшысы еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев өзінің Мемлекет басшысы ретінде шетелге барған екінші сапарында Өзбекстанда болғанын атап өтті және ол өзара түсіністік пен тату көршілік тұрғысындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту ниетін паш ететінін айтты.

Сенат Төрағасы Қазақстан Өзбекстанның аймақтағы басты сауда әріптесі екенін атап өтті. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,5 млрд долларға жеткен.

«Алға қойған ортақ мақсатқа жету үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, өзара сауданы 5 млрд доллар көлеміне жеткізу керек», - деді жоғарғы палата басшысы.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, екі елдің инвестиция, энергетика, туризм, аймақтық және шекара маңындағы ынтымақтастық, транзиттік-көлік салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің келешегі зор

Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының басшысы өз кезегінде Қазақстан –Өзбекстанның адал әрі сенімді әріптесі екенін жеткізді.

«Біздің халықтарымызды ортақ тарих және мәдени тамырластық байланыстырады. Дамудың көптеген салалары бойынша ұқсастықтар бар. Өзбекстан Қазақстанмен достық қарым-қатынасқа зор маңыз береді», - деп атап өтті Танзила Нарбаева.

Тараптар кейінгі кезде Қазақстан мен Өзбекстанның парламентаралық үнқатысулары қарқынды бола түскенін, енді оны жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Ол парламентаралық ынтымақтастықтың бірлескен комиссиясын құру арқылы жүзеге асқаны жөн.

Талқылау барысында реформаларды құқықтық қамтамасыз ету және әлеуметтік-экономикалық даму саласында тәжірибе алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ екіжақты шарттар мен келісімдерді қабылдау және ратификациялау процестерін жеделдету мәселелері қозғалды.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойылды.