Төрт жыл бұрынғы сценарий қайталануы мүмкін
Төрт жыл бұрынғы сценарий қайталануы мүмкін
265
оқылды

Биыл посткеңестік елдердің бір­қатарында «сайлау теке­тірестері» трендке айналған сыңай­лы. Ал­дымен Беларусь, одан соң Қыр­ғыз Рес­публикасы сайлаудан кейін дүрліксе, оған соңғы күндері Грузия мен Молдова қосылды. Бәрінде де сайлауда жеңгендер мен жеңіл­гендер өзара келісе алмады. Әри­не, бұл жерде кімнің қалай «жеңгені» басқа мәселе.

Жалпы, ТМД-ның бірқатар елінде өткен сайлаулардан кейін саяси қар­сыластардың бір-бірінің жеңісін мойын­дамай қойғаны «қызық» болып тұр. Одан бөлек, «таулықтардың» сайлаудан кейінгі ереуілдері де агрессияға толы бола­тыны көзге түсіп тұр. Қырғыз елі мен Грузиядағы жағдай соның көрінісі. Әрине, гүржілердің «бас жарып, көз шығара» қоймағаны рас. Дегенмен ол жақта да қырғыз ағайын тәрізді қыз­балық бай­қалып қалады. Ал Беларусь пен Молдо­вадағы жағдай сәл өзгеше. Минск пен Беларустің өзге аймақ­­тарындағы ереуіл­дерге, шерушілерді тұтқындап жатқан полицияның әрекетіне етіміз үйрене бастады ма, қайдам әйтеуір соңғы кездері ол жақ­тағы оқиғалар тек сарапшылардың ғана назарында жүр. Өзге жұрт ұмытты. Ал енді кезек Молдоваға кел­ген сыңайлы.

Президент сайлауының екінші туры өтеді

Жуырда Молдовада өткен пре­зидент сайлауында басты үміткерлер бір-бірін айқын басым­дықпен жеңе алмады. Сөйтіп, ресейшіл бағыт ұстанатын Игорь Додон мен еуро­пашыл ұстанымдағы Майя Санду екінші турда қайта сайысқа түсетін болды. Өйткені сайлауға молдовандардың 43 пайызы ғана қатысқан. Бірақ сонда да сайлау комиссиясы сайлау өтті деп та­ныды. Дегенмен елдің заңдарына сәйкес сайлаушы­лардың 50 пайыздан астам дауысын жинаған үміткер ғана президент бо­лып сайлануы керек. Ал И.Додон 40,9, Майя Санду 34,6 пайыз дауыс жинаған. Ал сайлауға қатысқан 7 үміт­кердің ішінен алғашқы екеуінен бөлек тек Ренато Усатый ғана сай­лаушылардың бір­шама қолдауына ие болыпты. Ол 11,5 пайыз дауыс жина­ды. Ал тағы бір үміткер Виолетта Ива­нова болса 6,3 пайыз дауыс алған. Өзгелері сайлаушылардың 3 пайыз да қолдауын ала алмапты. Осылайша Мол­­­­довияда президент сайлауының екінші туры өтетін болды. Сайлау 15 қарашаға белгіленген. Бір қызығы, тура осындай жағдай төрт жыл бұрын болған еді. Сол кезде де үміткерлер бірінші турда жеңім­паздарды анықтай алмаған болатын. Әрі екінші турға И.Додон мен М.Санду шыққан еді. Сөйтіп, сайлауда И.Додон 52 пайыз дауыс жинап, президент болып сайланған еді. Биыл қалай болатыны бір аптадан кейін анықталады.

Батыс пен шығыстың тартысы

Негізі, ТМД-ның батыс аймақ­та­рындағы соңғы сайлауларға назар аударған адам көп мемлекетте батыс пен шығыс ықпалының тар­тысы жүріп жатқанын байқайды. Әрине, мұны тура мағынасында еуропашыл көзқарастағылар мен ресей­­­шілдердің бәсекесі деп ұғу керек. Мол­­­довада да тура сондай жағдай қалыптасып тұр. 2016 жылғы сайлауда да еуропашылдар мен ресейшілдер бәсекеге түскен. Бірақ жеме-жемге келгенде халық Ресейге арқа сүйеген топты жақтады. Биыл да жағдай түбегейлі өзгере қояды деу қиын. Өйткені әлеуметтік сауална­малардың қоры­­­тын­дысына қарағанда ел халқының 42 пайызы Еуразиялық экономикалық одақпен ин­­теграцияны, 41 пайызы Еуро­палық Одақ­­­пен жақсы қарым-қатынас ор­натуды жақ­­­­­тайтыны белгілі болған. Демек, алдағы сайлауда нақты ұста­­­нымын әлі анықтай қоймаған 17 пайыз сайлаушы шешуші рөл атқаруы ғажап емес. Алайда мұндай екі­ұдай күйдің қалыптасуы елдің саяси бағы­­тын түбегейлі өзгертуге қау­қарсыз болмақ.

Ресей тағы АҚШ-тың «ізін көрді»

Ресейлік сарапшылар Молдова­­дағы президенттік сайлаудың екінші туры өтпей тұрып-ақ ереуілдер бас­талуы мүмкін екенін алға тарта бас­тады. Олардың пікіріне сенсек, Мол­дова қоғамы жік-жікке бөлініп кеткен-мыс. Тіпті, Ресей сыртқы бар­­­­­лау қызметінің бастығы С.На­рышкин АҚШ Молдовада «түрлі-түсті төңкеріс әзірлеп жатыр» дегенді де айтқан. Сөйтіп, ел халқын елеңдетіп қойды. Әрине, АҚШ-тың Молдоваға қатысты нақты қандай саясат ұстанатынын болжау қиын. Сол сияқты Ресейдің айтқандары да ақиқат деуге келмейді. Біздің пайым­­дауымызша, батыс елдерін құ­бы­­­­­жық ретінде көрсетуге «ма­­ман­­­данған» ресейлік саяси технологтар молдо­вандардың көңіліне күмән салып, алдағы сайлауда И.Додонның жеңісін қамтамасыз ету үшін түрлі тәсілдерге көшкен тәрізді. Сөйтіп, өзінің ықпал ету аймағын сақтап қалуға тырысып жатса керек. Әйтпесе, Днестр бойын­дағы ай­мақтың Молдовадан бөлініп, елдің аумақтық тұтастығына нұсқан келуінде Ресейдің «ізі болғанын» мол­довандар ұмытпауы тиіс еді.

 А.СҰЛТАН