Александр Винокуров ақталып шықты
Александр Винокуров ақталып шықты
324
оқылды

Белгілі қазақстандық велошабандоз әрі «Астана» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров жемқорлық айыбына қатысты ақталып шықты. Бұл туралы велошабандоз Instagram парақшасында жазды.

«Мен бұл мәселеге нүкте қойылып, соттың әділ шешім қабылдағанына өте қуаныштымын. Біз тек жарқын болашаққа қараймыз! Биылғы маусымды өте сәтті өткіздік. Алайда әлі көп жұмыс пен жоспар бар. Демалмаймыз!»,–деп жазды ол.

Айта кетейік, Бельгияның прокуратурасы жақында қазақстандық Александр Винокуров пен ресейлік Александр Колобневке сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып таққан болатын. Бельгияның Sudinfo.be басылымының хабарлауынша, А.Винокуров 2010 жылы беделді «Льеж – Бастонь – Льеж» сайысының финалында жүлде алу үшін А.Колобневке 150 мың еуро төлеген.

А.Винокуров 2013 жылдан бері «Астана» командасының бас менеджері болып жұмыс істейді. А.Колобнев ресейлік «Катюша» велокомандасында. Тамыз айында А.Винокуров Бельгия прокурорының жемқорлық қылмысы бойынша тағылған айыбы негізсіз екенін мәлімдеген.

«Бұл маған тағылған негізсіз айып. Бізден ештеңе таппағаннан кейін прокурор бірдеңе ойлап тауып, баспасөзге жариялауға тырысады. Бұл дұрыс емес. Мұның кімге пайдалы екенін де дөп басып айта алмаймын», – деген сол кезде Винокуров.