Қазақстанда енді браконьерлер аяусыз жазаланады. Олар 12 жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында журналистермен кездескен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев жария етті.
Оның мәліметінше, мемлекет ақбөкендердің мүйізі мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына қатысқандар үшін жазаны қатайтып, абақтыға жабу мерзімін едәуір ұзартты.
«Қазақстанда киік дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сатқан адамдар бұдан былай 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын сондай қылмыс жасағандар 5 жылға дейін ғана жазаланатын. Ақбөкен дериваттары мен бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымын қалыптастырған браконьерлерді жауапкершілікке тартатын Қылмыстық кодекстің негізгі 339-бабы түпкілікті өзгерді», – деді Е.Нысанбаев.
Бұдан бөлек, жаңа саралау-квалификациялық нышандар қарастырылып отыр. Оларға сәйкес: егер бұрын браконьерлік жасағаны үшін айыпталған адам қайтадан осы қылмысымен қолға түссе; браконьерлікті топ құрып немесе өзге топпен келісіп іске асырса; бұл қылмыс ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалса; өзінің қызметтік жағдайын осы мақсаттарға пайдаланса; табиғатқа ірі немесе аса ірі көлемде зиян келтірілсе, жаза тіптен ауырлай түседі.
– Яғни, санкциялар жан-жақты күшейтілді. Айыппұлдар көлемі де өсірілді. Бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру мерзімдерін ұлғайту қарастырылды, – деді вице-министр Ерлан Нысанбаев.
Әбден басынып алған контрабандыға қатаң тоспа құруды Мемлекет басшысы талап еткен болатын.
– Браконьерлер табиғат байлығы киіктерді аулауды тоқтатпай тұр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек, – деп нықтады ел Президенті Twitter-дегі парақшасында.
Соның алдында Ұлттық қауіпсіздік қызметі Қытайға 1 тонна 118 келі киік мүйізін жеткізбекші болған қылмыстық топты құрықтады. Жендеттер осынша мүйіз өндіру үшін 3 мыңнан астам ақбөкенді қырған.
Жаза қатайтылған соң, қазақстандық түрмелерде шетелдіктер де қаптауы ықтимал. Себебі биыл Қазақстаннан 480-нен астам киік мүйізін заңсыз алып шықпақ болған Ресейдің Астрахан облысының тұрғыны ұсталды.
Ақбөкен – тіпті халықаралық «Қызыл кітапқа» енгізілген, жер бетінен жойылып бара жатқан Ұлы дала түлігі.
Елдос СЕНБАЙ