Мәншүкті мазақ қылған кім?
Мәншүкті мазақ қылған кім?
290
оқылды

Елімізде ескерткіш орнату да, алып тастау да оңай. Оған Семейдегі Мәншүк Мәметоваға арналған экс-ескерткіш куә. Атағы жоғары тұлғаларды төмен түсіруді қашан қояды екенбіз?

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ағаштан ойы­лып жасалған мүсіні Семейдегі Жеңіс саябағына қойылған еді. Ескерт­кіштің суреті әлеуметтік желі­де қызу талқыға түсті. Жұрт наразылығын білдіріп, мүсінді Мәметоваға ұқсата алмады.

Мүсіннің авторлары – Юлия және Иван Куртуновтар. Олар жұ­­­мысқа алты күнін арнаған. Жоба авторлары мүсінге қатысты Arnapress.kz-ке сұх­бат берген. «Біз­ді адамдар ақ­шақар мен мыстан кем­пір­ді жа­сап жатыр деп ойлады. Бірақ біз Мәншүк Мәметованың мүсінін жасадық. Ол – Кеңес Одағы Батыры атағын алған алғашқы қазақ қызы. Менің ойымша, оның ескерткіші осы жерде тұруға хақы бар»,– дейді Куртунова. Қызық, ел мыстанға ұқсатып жатқанда неге тоқтамады екен? Батырға қалай құрмет білдір­се де жарасады дейміз. Алайда Мәме­това ағаштан жасалған мүсінге лайық па? Қадірлі тұлғалардың қа­ді­рін кетіруден шаршаған жоқпыз ба?

Авторлар мұның қала әкімі Ер­мак Бидахметұлының бастамасы еке­нін айтады. Сонда әкім мү­сін орнатудың аяқ алысын ба­қы­­л­а­ма­ғаны ма? Куртунова мү­сін баға­сы­ның «қымбат еме­сін» ай­тып­ты. Семейлік жай­дар­­­­ман­шылар да қала тұр­мы­­сының жақсы емесін жиі әзіл­ге қосады. Әлде, әкім қала бюд­­­жетінің жағ­дайын жұпыны мүсін арқылы біл­діргісі келді ме? Кел­се де Мән­шүк Мәметовамен байла­ныс­тыр­ғаны дұрыс болмады.

Нәтиже күткеніндей болмаса керек. Семей әкімдігі мүсінді бас­қа жерге көшіру туралы шешім қабыл­даған. Алайда ел наразы болған соң, 3 қараша күні мүсінді алып тастады. Дүрлікпей қайтсін, халық білдей батырының қадірін жермен-жексен еткендей күй кешті. Әйтсе де, тек жағдайдың үстінен қарайтын елміз. Семейдің неге жақсы ескерткіш орната алмағанын сұраған ешкім жоқ. Тек кінә тағып, ілік іздеумен әуреміз. Мүсін авто­ры Юлия Куртунова «теріс пікір білдіргендер ештеңе істемей, бос жүргендер» депті. Мәселенің екінші ұшына қарасаң, мынадай әзіл еске түседі: «Семейдің жағдайы болса, астананың туған күніне Атырау сыйлағандай көпір тарту етер еді ғой». Осыған байланысты екі бол­жам бар. Біріншісі, расымен Семей­дің мәдениетке бөлер қаржы­сы аз. Екіншісі, әкімдік мүсін жұмысына немқұрайды қараған. Десек те, Семей билігі халық алдында лайық­ты жауап беруі керек сияқты.

Бірінші факторды негіз ретін­де алға тартайық десек, қазақ құрмет­тісін сыйлайтын халық. Қонағына қорадағы соңғы қойын соятынын еске алыңыз. Осыдан таяқтың ұшы екінші факторға тіреледі. Сонда Семейдің Мәншүк Мәметованы «елемегені» ме? Әлде, біз «өнер туындысына» лайықты баға бере алмадық па? Неде болса, Мәншүк мүсіні тұрар тұғыр мен берілер баға бөлек болуы керек еді.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ