Қазақстандағы жемқорлық фактілері жиі кездесетін 5 университет анықталды.Олардың ішінде атыраулық университеттер көш бастап тұр. Бұл – Jas Otan Жастар қанаты жүргізген сауалнама нәтижесі.
«Көптеген жоғары оқу орындарында емтиханды ақшалай сыйақыға тапсыратынын барлығымыз да білеміз. Оқуға түсетін кезде болғанын білетін едік. Әдетте сессия кезінде сынақ пен бағаны сатып алатын еді. Студенттерге жатақханада орындарды бөлу, басқа да өмірлік проблемаларды шешу барысында пара беруге мәжбүрлейді» деді Елбасы тамызда өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында. Одан кейін Қауіпсіздік кеңесіне арнайы топтармен бірге университеттерді ішінара іріктеп алып, мәселені зерделеуді тапсырды. Нәтиже бар.
Jas Otan Жастар қанаты жоғары оқу орнында оқитын 15 мыңға жуық студентпен анонимді сауалнама жүргізген. Сауалнама «Таза сессия» акциясының аясында өткен. Студенттер 38 сұрақтан тұратын сауалнамаға жауап берген. Нәтижесінде, Қазақстандағы жемқорлық фактілері ең көп кездесетін 5 университет белгілі болды. Олар: Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Атырау мұнай және газ университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.
Жастар қанаты сауалнаманы жыл сайын өткізуге құлшынып отыр. Мұны ұйым төрағасы Дәулет Кәрібек те растайды. Оның айтуынша, сауалнама нақты күрес жүргізуге көмектеседі. Респонденттер негізгі себеп ретінде ұстаз жалақысының аз екенін көрсеткен. Екінші себеп – студенттердің оқуға деген қызығушылығы төмен. Дәулет Кәрібектің ойынша, бұл елдегі білім жүйесінің деңгейін көрсетеді. Балон жүйесі мен өзге де сынамаларды қайта сүзгіден өткізген дұрыс дейді. Кейінгі орындарда студент пен ұстаз кәсібилігінің жетіспеуі мен университеттерде бақылаудың жоғы тұр. Шынымен де, жүгенсіз жұмыстың жүйесіз кететіні бар.
Сондай-ақ сауалнамада студенттердің дипломдық жұмысты сатып алу бағасы түзілген. Дипломдық жұмыстың орташа құны – 250 мың теңге. Ең арзан жұмыс бағасы 125 мың теңге екен. Жемқорлық фактісі жиі тіркелетін жағдай да белгілі. Сауалнама көрсеткендей, емтихан кезінде (16,2%) пара беруші мен алушы көп. Кейінгі орында дипломдық жұмыс тапсыру уақыты (11,7%). Үздік үштікті курстық жұмыс пен жоба тапсыру(10,4%) қорытындылайды.
«Астана – адалдық алаңы» жобасы білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында нәтижелі жұмыс жүргізіп жүр. Жоба кеңесі 2019 жылдан басынан бері ЖОО-ға ерекше назар аударды. Олар наурыз айында елордалық ЖОО студенттері арасында анонимді сауалнама жүргізді. Сауалнамаға Нұр-Сұлтандағы 12 оқу орны қатысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, студенттердің 87,6%-ы ешқашан пара мен сыйлық бермегенін растады. 6,3%-ы мұндай жағдайлармен кездескенін жасырмады, 7,1% жауап беруден бас тартқан. Қызығы, студенттердің 26%-ы күресудің пайдасы жоқ, бұл қалыпты құбылыс деп жауап берген.
Астаналық студенттер жемқорлық себебін біліксіз мамандармен байланыстырады. Содан кейін олар ұстаз жалақысының төмен екенін, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қадағалаудың жоғын атаған. Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу мәдениетінің жоғын басты фактор ретінде көрсеткен. Агенттік Тұран-Астана, Қазақ бизнес және технология университеті, Астана университеті және Қазақ агротехникалық университеті студенттері диплом сатып алу тәуекелінің жоғары екенін анықтаған. Студенттің пәнге қызықпау факторы бойынша Еуразия ұлттық университетінің көрсеткіші жоғары (59%). Пән бойынша білімді қажет етпейтіндер де аталған университет студенттері (32%) екен. Ұстаздың дәрісті оқыту деңгейінің төмен екенін Қазақ бизнес және технология университеті (57 %) растайды. Сауалнама оқытушылардың әрекетін де әшкерелепті. Нәтиже Медициналық университет (12%), Астана(14%) және Қазақ бизнес және технология университеті (37%) оқытушылары жиі бопсалаумен айналысатынын көрсетті.
«Астана – адалдық алаңы» ЖОО-дағы жемқорлықпен күресудің бірнеше жолын ұсынады. Елордадағы жоғары оқу орындарында сатушысыз жұмыс істейтін дүкен бар. Бұл студенттерді әділдікке тәрбиелейді. Сондай-ақ ЖОО-ларда халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған. Бірінші және екінші курс студенттеріне арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негіздері» таңдамалық пәні жүреді. Департамент мамандары студенттерге тұрақты түрде дәріс оқиды.
Агенттік респонденттердің басым көпшілігі, студенттер мен мұғалімдердің 50%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларға қатысуға дайын екенін анықтаған. Демек, қоғам күреске дайын. Тек билік тарапынан қолдау мен көпшіліктің ішкі сенімі керек. Сауалнама жүргізген соң нәтижесіне құрметпен қарауды ұмытпаған жөн. Үлкен іс кішкентай бастамадан туады. Бастамаға басшы болсаң да, қосшы болсаң да қосылған абзал. Бәріміз біріккенде ғана жемқорлық тамыры жібиді. Қоғам қозғалғанына қарай «жұлып» алып тастауға дайын боламыз.
Айбике ЖАНАСЫЛ