Шардара СЭС жоспарын ерте орындады
Шардара СЭС жоспарын ерте орындады
322
оқылды

Шардара СЭС электр энергиясын өндірудің жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындады.

«Шардара СЭС» АҚ 2019 жылдың басынан бері жоспарланған 301 900 мың кВтсағаттың орнына 403 655 мың кВтсағаттан астам электр энергиясын өндірді. Осылайша су электр станциясы электр энергиясын генерациялаудың жылдық тапсырмасын мерзімінен бұрын орындады.

Мамандардың сөзінше, қуаты аз, ескірген генераторлардың орнына СЭС-ті жаңғырту бағдарламасы аясында 2019 жылдың бірінші жартысында әрқайсысының қуаты 31,5 МВт болатын екі жаңа су агрегатының (ГА-1 (2019 жылғы 25 ақпанда) және ГА-2 (2019 жылғы 28 сәуірде) пайдалануға берілуі генерациялау жоспарын асыра орындауға мүмкіндік берді.

«Жаңа екі гидроагрегаттың пайдалануға тапсырылуымен қатар, СЭС-тің жоспарды орындауына себеп болған басты факторлардың қатарында – станцияның негізгі және қосалқы жабдығының апатсыз жұмыс істеуі, сондай-ақ Сырдария өзенінде су көлемінің жеткілікті болуы. 2020 жылы біз Шардара СЭС-ін техникалық жаңғыртуды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, бұдан кейін оның қуаты артып, Түркістан облысындағы электр энергиясын сенімді жеткізіп беруші болып қала береді»,– деді «Самұрық-Энерго» АҚ «Генерация және отын» департаментінің директоры Бағлан Исенов.


2020 жылдың бірінші жартысында тағы екі гидроагрегатты құрастыру жоспарланған, осылайша Шардара СЭС-інде жаңғырту бағдарламасы аяқталады. Жобаның жалпы құны 38 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру 32%-ке өз қаражаты есебінен, 68%-ке несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – австриялық-германиялық Andritz Hydro GmbX компаниясы.

Жаңғырту аяқталғаннан кейін, Шардара СЭС-інің қуаты 126 МВт-қа дейін артады. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35-40 жылға дейін ұлғайтып, СЭС-ті пайдалану сенімділігін арттырады және апаттылық деңгейін төмендетеді.

«Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, бұл жоба энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда үлкен маңызға ие.

Тұтас алғанда, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның «Нарықты дамыту» департаменті әзірлеген, Қазақстанның электр энергиясы мен көмірі нарығына 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде жасалған талдауға сай, 2019 жылдың 9 айында компанияның «таза» электр энергиясын өндірудегі үлесі (КЭС, ЖЭС, шағын және ірі СЭС-тер) 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда (2 152,2 млн. кВтс) 11,3% артқан (2 395 млн. кВтс).