Орал қаласында жол апатынан жүргізуші қаза тапты.
БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 13 қараша күні сағат 16.11 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы мен Циолковский көшесінің қиылысында болды.
«Жайық» базары маңында «Нива» және «Лада Ларгус» автокөліктері түйісті.
Соның салдарынан «Лада Ларгус» көлігінің 41 жастағы жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгенімен, кейін осында көз жұмды.
Жыл басынан бері өңірде 250 оқиға салдарынан 57 адам мерт болып, 299-ы жарақат алды.
«Жүргізушілер жол жүру кезінде барынша мұқият болып, жылдамдық режимін, қауіпсіз арақашықтықты сақтауы керек. Қолайсыз ауа райы да жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер етуде. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер өздеріне жақындап қалған автокөлікті көре алмай қалуы, кейде оқыс қимыл жасауы мүмкін. Сондықтан жүргізушілерді жаяу жүргіншілер өтетін жерлерде жылдамдықты мейлінше азайтып, сақ болуға шақырамыз», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.