«Іленің атырауын бүлдірсек, Балқаштан айырыламыз» – Анар Тілеулесова
«Іленің атырауын бүлдірсек, Балқаштан айырыламыз» – Анар Тілеулесова
271
оқылды

Балқаш пен Іленің тағдыры қазір Жетісуды ғана емес, тұтас Қазақстанды алаңдататын мәселеге айналды.  Балқаш төңірегінде атом электр стансасын салу туралы әңгіменің тарауы, Іленің суын көрші мемлекеттің молынан пайдалануы, судың ысырап болуы тәрізді сансыз  мәселеге енді Іле атырауында геологиялық барлау жүргізуге бекінген компаниялардың әрекеті қосылды. Жуырда Балқаштың батыс бөлігінде, Алматы облысы Балқаш ауданы Жиделі, Құйған, Ақбайлау және Орақбалға елді мекендеріне  жақын аймақта  мыс кенін барлау туралы дерек тарады. Тіпті,  бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау да ZOOM арқылы ұйымдастырылыпты. Тек экологтер бұл жобаға түбегейлі қарсы. Өйткені  Іленің атырауына қол сұғу Балқаштың тартылуына тікелей әсер етеді. Біз осы мәселе бойынша  гидрогеолог,  Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясын ұзақ жылдар бойы басқарған маман Анар Тілеулесовамен сұхбаттасқан едік.

– Анар Иманғазықызы, Іленің атырауына геологтердің көзі түсіп, барлау жұмыстарын бастамақ болғаны жайлы естідік. Олар не іздемек? Рұқсатты қайдан алған? – Олар «мыс іздейміз» дейді. Негізі, Іле өзенінің атырауында мыс кенін барлауға рұқсат алыпты. Мәселенің бәрі осыдан басталды. Дегенмен ең алдымен Алматы облысының әкімдігі жөнді жұмыс істе­мейтінін атап өткім келеді. Облыс әкімдігі 2020 жылдың 18 шілдесінде «Огни Алатау» газетінде Іле өзенінің атырауында гео­логиялық барлау жүргізу үшін қоғамдық тыңдау өтетіні жайлы хабарландыру берген. Орысша хабарландыру. Бәлкім, қазақ тілінде шығатын облыстық басылымға мемлекеттік тілде де хабарландыру берген шығар. Оны білмейміз. Біздің қолға тек орысша хабарландыру түсті. Ал қоғамдық тыңдау өтетінін біз білген жоқпыз. Газет қолымызға осыдан екі апта бұрын тиді. Өйткені басылым тек Алматы облысының аумағында тарайды. Менің білуімше, Балқаш ауданының және көлге жақын орналасқан ауылдық округтің тұрғындары мұндай қоғамдық тыңдау өтетінінен хабардар болмаған. Ал геологиялық барлауға қатысты қоғамдық тыңдау 18 тамызда ZOOM арқылы өтіпті. Оған Эколо­гия департаментінің, «Биосфера Қазақстан» ком­паниясының жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатын жасаушылары мен «Огни Алатау» газетінің қызметкерлері қатысқан. Жалпы саны – 19 адам. Өз басым мұндай шараның өтетіні туралы хабарландыруды облыстық газетке беру әдейі ұйымдастырылды ма деп кү­діктенемін. Әйтеуір, «жарнама бердік» деген уәж болса жетеді деген тәрізді. Оның үстіне, қоғамдық тыңдаудың хаттамасын іздеп, әрең таптық. Іс жүзінде қоғамдық тыңдаудың өткені жайлы хаттаманың жасалуы қажет екені Экологиялық кодексте көрсетілген. Алайда әкімшілік ұйым­дастырған қоғамдық тыңдаудың мате­риалдары облыстық әкімдіктің сайтында да, экологиялық ұйымдардың ре­сурс­тарында да жоқ. Содан бұл істе бір шикілік бар деген тоқтамға келіп отырмын. Әдетте эколо­гиялық мәселеге қатысты бұлай бұра тарту болмайтын. Осы жолы басқаша сипат алды. Өзіңіз білесіз, Іленің атырауында мем­лекеттік табиғи қаумал (заказник) бар, ол өңір мемлекеттік орман қоры аумағына да кіреді. Балқаштың өзіне айрықша мәртебе берілген. Компания барлау өткізбек болған учаске Балқаш маңы республикалық табиғи қаумалының шекарасына жақын аймақта және Күрті орман шаруашылығы Ақдала мемлекеттік орман қорының аумағына кіретін жерде орналасқан. Демек, мұндай аймақта геологиялық барлау жүргізуге қатысты қоғамдық тыңдау республикалық деңгейде өтуі керек. Ал әкімшілік жабық есік жағдайына ұқсас тәсілмен қоғамдық тыңдау өткізген. Кейін хаттамасы қолға түскен соң қарасақ, онда экологтерден ешкім жоқ. Бір қарағанда, тапсырыс берушілер мен орындаушылар, жоба­лаушылар бірлесіп, өтірік қоғамдық тыңдау өткізіп, хаттама жаза салған. Сөйтіп, елдің бәріне «қоғамдық қабылдау өткіздік» деп жар салған. Алайда қоғамдық тыңдауда экологтер, табиғат қорғау ұйымдарының, қоғам өкілдерінің ешқайсысы жоқ. – Олар экологтерден жасырып қалған ба? Сіздер қандай қадамға барды­ңыздар? – 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Балқаш-Алакөл бассейндік кеңесі деген бар. Сол кеңестің мүшелеріне ха­барласып, масс-медиа арқылы қоғам назарын аудардық. Кеңес төрағасына хат жазып, 9 қарашада кеңестің кезектен тыс отырысын өткіздік. Оған  жоба­лаушыларды, әкімдік мамандарын, қаумал, орман және балық шаруашылығы саласы мамандарын шақырып, жалпы саны 50-ден астам адам қатысқан жиын өткіздік.

Біз алғаш айқай-шу көтергеннен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берген еді. Министр сол кезде министрліктің рұқсат бермегенін айтты. Ол да өтірік. Өйткені қазір геологияға, экологияға, су, орман шаруашылығына жауапты органдар осы министрліктің құрамында. Геология комитеті келісім бермесе, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі де лицензия ұстатпас еді. Ең қызығы, бір министрліктің құрамында отырған екі комитет екі түрлі ұстанымда болған.

– Жиында облыс әкімдігінің өкілдері қандай уәж айтты? – Әкімдік мамандары «біз келісім бер­ген жоқпыз», – дейді. Бірақ олар өтірік айтып отыр. Хаттама тұр ғой. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компанияға лицензия берген. Біз алғаш айқай-шу көтергеннен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берген еді. Министр сол кезде министрліктің рұқсат бермегенін айтты. Ол да өтірік. Өйткені қазір геологияға, экологияға, су, орман шаруашылығына жауапты органдар осы министрліктің құрамында. Геология комитеті келісім бермесе, Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі де лицензия ұстатпас еді. Ең қызығы, бір министрліктің құрамында отырған екі комитет екі түрлі ұстанымда болған. Су шаруашылығы комитеті қарсылық танытса, Геология комитеті рұқсат еткен. Сөйтіп, Индустрия және инфра­құ­­ры­лымдық даму министрлігі 5 учаскеге лицензия беріпті. Ол жерлер көлге тіреліп тұрған аумақтар. – Сонда геологиялық барлау жасаушылар өзен атырауында не істейді? Шынымен, бұл жұмыс Іле мен Балқашқа өте қауіпті ме? – Іленің атырауында геологиялық барлау жүргізу – өте қауіпті жұмыс. Менің базалық мамандығым – инженер-гид­рогеолог. Сондықтан геологиялық бар­­­­лаудың ерекшеліктерінен біршама хабарым бар. Әрі Іленің атырауында мыс кені болуы мүмкін дегенді естімеппін. КСРО кезінде де мұндай бірде-бір ақпарат болған емес. Ал Іле атырауында геологиялық барлау жүргізу Балқашқа орасан зор зиян тигізеді. Барлау жасаған кезде олар өзен атырауын әр жерден шұқылап, біраз жерді кептіреді. Сөйтіп, көлге су бармайтын болады. Бұл өз кезегінде көлдің тартылуына алып келеді. Онсыз да көлдің орташа тереңдігі 6 метр ғана. Жалпы, Іле атырауының ұзындығы 200, ені 100 шақырымды құрайды. Аралтөбе ауылының тұсынан бастап Іле түрлі тармақ­­қа бөлінеді де, мыңдаған сай-са­ланы қам­тыған ағыстар арқылы Балқашқа құяды. Іленің атырауында көптеген тармақ, көл, көлшік бар. Бұл өңір – Орталық Азияда табиғи қалпы бұзылмаған жалғыз аймақ. Егер Іленің атырауы жойылса, Балқаштан айырыламыз. Сондықтан бұл өңір 1999 жылы Иранның Рамсар қаласында қол қойылған халықаралық Сулы-батпақты алқаптарды қорғау кон­венциясының арнайы тізіміне енгі­зілген. Қазақстан да алқапты сақтау жөніндегі шешімді баяғыда-ақ қабыл­данған. Су кодексі бойынша су нысан­дарының төңірегінде геологиялық барлау, соның ішінде бұрғылау жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған. – Әдетте Балқаштың тартылуына Қытай тарапының Іле суын мол пайдалануы ғана әсер етеді дегендей уәж болушы еді. Аты­раудың маңызы одан да зор ма? Көлдің суы азайып келе жатқаны жайлы жиі естіп жүрміз... – Жалпы, биыл Балқаш бассейнінде су тапшылығы болды. Сол себепті көлге су аз барды. Сондықтан көлдің суы азайғаны рас. Мұндай жағдайда көлге ешкім тиіспесе де болады. Табиғи құбылыс – бұл. Ал Қытайға келсек, біз көрші елмен әлі су бөлісу мәселесін шеше алған жоқпыз. Өйткені олар өздерінің суға қатысты мәселелерін шешіп алуға тырысып отыр. Бірақ бізде комиссия бар. Ұдайы су мәселесін талқылап отырамыз. Қазақстан жағы Іленің суы Балқаш көлі үшін қажет деген уәжін ұсынып келеміз. «Іленің суын Балқашқа беріп отырмыз, біз көлді сақ­тауы­­мыз керек» деген ұстанымды алға тартамыз. Ал күні ертең геологтер Іле атырауын қаза бастаса, көрші ел бізге Іленің суын мүлдем бермей қоюы мүмкін. «Сендерге Балқаш керек емес екен ғой, әне, өзен атырауынан кен іздеп, экожүйесін бұзып жатырсыңдар» деген уәж айтса болды, қарсы ештеңе дей алмай қаламыз. Ал Іленің суын беруді тоқтатса, Алматы облысының тең жартысы су тапшылығын көріп, шаруашылықтар күйрейді. Ха­лықтың тоз-тозы шығады. Қапшағай да құриды. Балқаштың өзі суалып кетеді. Балқаштан айырылсақ, Аралдан да қауіпті апатқа ұрынамыз. Оның тартылуы Қа­зақстан аумағының тең жартысын эко­логиялық апат аймағына айналдырып жіберуі мүмкін. Көрдіңіз бе, бір ғана кен орнын ашамыз деп тұтас аймақты, елдің жартысын қатерге тігіп отырмыз. Мәселен, Іленің бойында Қапшағай су қоймасы бар. Ол 1969 жылы пайдалануға берілді. 50 жыл ішінде өңірде өзіндік микроклимат қалып­­тастырды. Түрлі шаруашылық бар. Балық шаруа­шылығы, демалыс аймақтары, су электр стансасы дегендей. Іленің аты­рауына соқтықсақ, мұның бәрін өз қолы­мызбен жоямыз. – Ал Балқаштың аумағы соңғы 50 жылда 2 мың шаршы шақырымға кішірейген деген сөз қайдан шыққан? Сіздің сөзіңізге қа­ра­ғанда, қауіп енді төне бастаған сыңайлы ғой. – Жоқ, Балқаштың аумағы кішірейген жоқ. Бұл көл бірде толып, бірде қайтып тұрады. Табиғи процесс. Балқаштың деңгейіне 1890 жылдан бері ресми бақылау жүргізіліп келеді. Сол кездердің өзінде көлге қатысты суы аз жыл, сулы жыл және суы орташа жыл болатыны анықталған. Су аз болған жылдарда көлдің деңгейі тө­мендейтіні рас. Сулы жылдарда қайта қалпына келеді. Судың өзіндік жолдары да бар. Мәселен, Іленің атырауында 17 тармақ бар. Одан бөлек, батпақ, көл мен көлшіктер бар. Су сол аумаққа жиналады. Жиналған су Балқашқа жерастымен де, бетімен де құйылады. Су аз болған жылдары көл атырауды кеуіп кетуден сақтап, өз суын кері шығарады. Бұл табиғаттың өзі жасаған реттегіш. Яғни, көл мен Іленің атырауы бір-бірінің кеуіп кетуіне жол бермейді. Ал біз осы атырауға кіріп, табиғи процесті бұзсақ, бәрін бүлдіреміз.

Негізі, әлі де далаға кетіп жатқан су көп. Өйткені шаруашылық ішіндегі желі деген ұғым бар. Шаруа­шылықтардың арасындағы каналдар мен тікелей шаруа­лардың алаңдарына баратын арық­тардың бәрі жерден қазыла салған. Олар дұрыс жұмыс істемейді.

– Демек, Балқашты сақтау ісінде өзіміз қателік жасамауға тиіс болып тұрмыз ғой. Әдетте Ертіс пен Іле жайлы айтқанда, бірден шығыстағы көршіні айыптауға әзір тұрамыз. – Біз көп дүниені қытайларға жаба саламыз. Өз басым су мәселесін реттеуге қатысты құрылған комиссияға мүше болғанмын. Бірнеше жыл бойы Қытайға бардық, осында келген қытайларды қабылдап жүрдік. Сонда хаттаманы толтыру үшін комиссия мүшелері қызылкеңірдек болып отыратын едік. Шамамызша ұпайымыз түгел болғанын қалайтынбыз. Қытайлар пікірталас кезінде барын салғанымен, хаттамаға қол қойылған соң оның талаптарын бұлжытпай орын­дайды. Ал біз хаттамадағы талаптарды келесі жиналысқа барғанға дейін ұмытып кетеміз. Енді қараңыз, Қапшағай су қоймасының төменгі жағында, 4 шақырым жерде контрреттегіш болуы керек еді. Әу бастағы жобада бар болатын. Қапшағайдағы су электр стансасы электр өндірген кезде суды толқындатып жібереді. Контрреттегіш дүркін-дүркін келетін суды реттеп, өзеннің төменгі жағына біркелкі ағыспен жіберіп отыруы тиіс. Өйткені электр стансасынан дүркін-дүркін босатылған су төңіректің флорасы мен фаунасына зиян тигізбеуі керек. Алайда біз осы контрреттегішті әлі салған жоқпыз. 50 жыл болды. Ал 2005 жылы Қытайға барғанымда олар Ілеге құятын Текес өзеніне Қапшағай су қоймасын сала бастады. 2008 жылы барғанымда су қоймасы біткен, таудың үстімен жол салған, төңірегіндегі шамдар самаладай жарқырайды. Су электр стан­сасы жұмыс істеп тұр. Төмен жағына контрреттегіш пен 94 шақырым канал салып тастапты. Үш жылдың ішінде. Сол кезде мен күндіз-түні жылағанмын. «Мыналарды қарашы, біз неге осылай жасамаймыз?» деп өкінгенмін. Өзіңіз ойлаңызшы, 50 жылдан бері қанша контрреттегіш салатын ақша ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетті?! Ұрпақты, болашақты ойлап жатқан ешкім жоқ деген сөз бұл. – Айтпақшы, Іле-Балқаш мәселесіне келгенде ауыл шаруашылығы саласын назардан тыс қалдыра алмайтын шығармыз. Балқашты қорғаймыз деп жүргенде ауызсу, егіс алқаптарын суару мәселесін күрделендіріп алмаймыз ба? – Негізі, әлі де далаға кетіп жатқан су көп. Өйткені шаруашылық ішіндегі желі деген ұғым бар. Шаруашылықтардың арасындағы каналдар мен тікелей шаруа­лардың алаңдарына баратын арық­тардың бәрі жерден қазыла салған. Олар дұрыс жұмыс істемейді. Сөйтіп, біз 70-80 пайыз суды теккен жоғалтамыз. Ол су нақты егіс алқаптарына жетпей қалады. Сондықтан қаржыны ең алдымен осы саланы зерт­тейтін ғылымға бөлгеніміз дұрыс. Сонымен бірге каналдарды жөндеп берген дұрыс. Жуырда Алматы облысының әкімі А. Баталовтың қант зауыттарын жөндедік, енді қызылшаны молынан өсіремін деген сыңайдағы сөзін естідім. Құдай-ау, қант қызылшасын мол өсіру үшін алдымен судың жайын реттеп алу керек қой. Келер жылы су көлемі қандай болады дегенді есептеу қажет. Әйтпесе, қызылшаны немен суарасың? Ғылымға жүгіну керек. Онсыз суды үнемдей алмаймыз. Мәселен, 1987 жылы КСРО-да «Суару нормалары» деген кітап шыққан. Сол кітапта әр ауданның ылғалдылық ерекшеліктері ескеріле отырып, қандай дақыл өсіруі керек екені көрсетілген. Тым болмағанда әкім-қаралар соны ашып қарамай ма?! Әйтеуір, бәрі аспаннан түскендей болады. – Балқаш туралы сөз қозғалғанда Жетісудағы тағы бірнеше өзенді айту керек шығар. Олардың жағдайы қалай қазір? – Балқашқа Қаратал мен Лепсі құяды. Сол Қараталдың бойына қазір оңды-солды қызылша егіп жатырмыз ғой. Бірақ бұл өзендер көлдің батыс бөлігіне құяды. Ал Іле болса, көлдің шығыс бөлігіне құяды. Біз неге Ілеге айрықша назар аударамыз? Өйткені бұл өзен тұтас Қытайдан ағып келеді және көлге құйылатын судың 80 пайызы осы өзеннің еншісінде. Жалпы, бізде суға қатысты көзқарас әлі жүйелі емес. Су керек деп көбіне жоғары жақтағы жиналыстарда ғана айтылатын сияқты. Іс жүзінде ешкім суға мән беріп жатқан жоқ. Біреулер Бал­қаштың маңына атом электр стансасын салуды айтып жүр. Оған суды қайдан алады? Бір сөзбен айтқанда, судың қадірін білмегендіктен, көлімізден айырылып қалуымыз да мүмкін. Тіпті, екі жыл бұрын қабылданған Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексте жерасты суына қатысты бірауыз сөз жоқ. Іс жүзінде ол стратегиялық запас болып есептеледі. Сөйте тұра, Салық кодексінің 747 және 748-баптарында жерасты сулары пайдалы қазба санатында тұр. Салық та алынады. Ал Су кодексінде бар-жоғы 145 қана бап бар. Сөйте тұра, 2009 жылдан бері оған 62 рет өзгеріс енгізілді. Ол құжат та суға қатысты сал­ғырт көз­қарасты көр­сетеді. Тағы бір мы­сал айтайын, бізде су шаруашылығына қа­жет маман­дарды оқыту тоқтатылды. Бұрын Жамбыл гид­ромелиоративті құры­лыс институты деген болған. Ол гидро­техник-құрылысшы және қызмет көрсету гидротехниктерін даяр­лайтын. Ол баяғы­да жабылды. Менің мамандығым – гидрогеолог. Бұл мамандық та қазір оқы­тылмайды. Гидролог деген мамандық бар еді. Олар өзендердің су деңгейін өлшеп, су бассейндерінің жағ­дайын бақылап отыратын мамандар еді. Сол мамандық та жабылды. Қысқасы, суға қатысты мамандарды оқытуды тұтас до­ғардық. Жуырда Төтенше жағдай министрі Ю. Ильин көктемдегі су тасқынын қыста болжайтынын айтты. Шын мәнінде, су мамандарының қатысуымен оны күзде болжайды. Күзде есеп-қисап жасап, арық­тар мен каналдар тазалануы тиіс. Ал­қаптарға қар тоқтатылуы керек. Қыс ішінде не істей аласыз? Көрдіңіз бе, суға қатысты қаншама мәселе бар екенін. Ал Балқаштың тағдыры еліміздегі су сая­сатына тікелей байланысты болып тұр.

Сұхбаттасқан Аманкелді ҚҰРМЕТ, Жалғас Сәдібекұлы