Елордада Қазақстан дінтанушыларының тоғызыншы форумы өтті. Форумға қатысушылар діни бағыт бойынша ақпараттың аздығы негізгі мәселелердің туындауына себеп болып отырғанын айтты.
Еліміздің әр өңірінен келген дін саласындағы жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, дінтанушы мамандар мен діни бірлестік өкілдері бас қосқан жиында біраз жайттың беті ашылды. Қоғамда радикалды идеологияға қарсы тұру және деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан зардап шеккен адамдарды оңалту үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын тиімді жүргізу маңызды болып отыр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, Қазақстанда деструктивті діни ағымдармен күрестің алдыңғы шебінде білікті дінтанушылар мен теологтар тұр. Қазіргі таңда республикада дін бойынша 7 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Саланың негізгі бағыты – әр адаммен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, деструктивті идеяларды ұстанатын азаматтарды оңалту және діни экстремизмге қарсы насихат.
– Бірінші бағыт бойынша, біздің ақпараттық түсіндіру топтары кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Соңғы 3 жылда 78 мыңға тарта әртүрлі шара өткізіліп, 15 млн адам қамтылды. Алайда алдағы уақытта бұл жұмысты бұдан да қырағы жүргізу керек. Жалпы, алдын алу шараларын қысқартып, тәуекел тобындағылармен жұмысты күшейткен абзал,– деді Дәурен Абаев.
Министр келтірген мәліметтегі өзгеруге бейім тәуекел тобына негізінен жұмыссыз азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және студенттер мен вахталық режимде жұмыс істейтіндер кіреді.
– Екінші бағыт бойынша елде позитивті динамика байқалғанын атап өту керек. Деструктивті ағымды ұстанатын азаматтардың саны азайып барады. Бұл ретте біз «Ақ ниет» оңалту орталығымен және өңірлік құрылымдармен жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар масс-медиада радикалды идеологиямен күрес күшейтілді. Зайырлылық пен ұлтаралық келісім насихатталуда. kazislam.kz порталы жаңартылды. Құқыққа қарсы сипаттағы материалдарды анықтау мақсатында интернеттік мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері кеңес беру тәртібімен интернет алаңда құқыққа қарсы 25 мыңға тарта материал жойылды. Терроризм мен діни экстремизм идеологиясы насихатталған 13 мың материалға шектеу қойылды, – деді министр.
Форумда сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз кері діни ағымдарға кіріп кеткендерді оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышы мен қиын сәттерінде бірге болу екенін айтты. «Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді. Мұны психология ғылымы «сұхбаттасушының жағдайына ену» деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін өзіне қалаған игі жақсылықты өзге адамға қаламайынша шынайы иманмен қауыша алмайды» деген. Қостанай облысында бас имам болып қызмет етіп жүргенде деструктивті ағымға алданған азаматтарға моралдық һәм материалдық тұрғыдан жүйелі түрде көмек көрсеттік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе нәтиже бермейді», – деді Бас мүфти.
Үш секциялық отырыс барысында жоғарыдағы бағыттар бойынша жұмысқа тікелей тартылған мамандар сөз сөйледі. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің теологтарымен, дінтанушылармен бірге жүргізген жұмыстарының арқасында соңғы жылдары күрт көбейген деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар саны азайған. ҰҚК терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин: «Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жүргізілетін алдын алу жұмыстарының сапасы ең алдымен, дін саласындағы мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Экстремизм мен терроризм үшін сотталған адамдармен жұмыс айтарлықтай күрделі. Десе де, бұл бағытта да нақты үлгілер бар. Өткен жылы ғана 144 сотталған азаматтың діни көзқарасын өзгертуге қол жеткізілді. Болашақта алдын алу жұмыстары деструктивті идеологияны ұстанатын азаматтар санын азайта бермек. Терроризмге қарсы орталықтың позициясы: біз кез келген бастаманы қолдауға дайынбыз»,– деді.
Бұл тұрғыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жасалып жатқан шаралар көпшілік көңілінен шығатындай. ҚМДБ төрағасы оңалту шараларына қатысты тиімді тәсілдің бірі – тарихпен тәрбиелеу екенін айтты. «Тарих дегеніміз – адамзаттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят» деген тәлімді сөз айтқан. Діни басқарма «Дін және тарих тағылымы» игі бастамасын одан ары жаңғыртып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып келеді. Салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алдық. Жуырда Ақтөбеден арқа төсіне келген бір топ жамағатпен жүздесіп, бірнеше сағат сұхбаттастым. Елдік мұрат, тарихи сана, бірлік пен бейбітшіліктің қадірі туралы дәріс оқыдым. Емен-жарқын әңгіменің нәтижесінде олар да өз ойын ортаға салып, пікірлеріміз бір арнаға тоғысты. Шынтуайтына келгенде, кешегі батырлар мен ізгілердің ізін басқан ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етеді. Сондықтан болар, имандылық бастауы болған ұят, ар-намыс, обал, сауап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында ғибратты ғұрыпқа айналды», – деді Серікбай қажы Ораз.
Форум барысында сала мамандары діни сенім бостандығын, рухани прогресті қамтамасыз ету үшін және дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясат тұжырымдамасын іске асыру мәселелерін талқылады.