Тәжікстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны шегендеу жөнінде ортақ келісім жасамақ. Соған сәйкес, Тәжікстан Согдия облысы Мастчо ауданындағы 300 гектар жерді Өзбекстан тарапына береді. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралының хабарлауынша, аталған аумақта алтын кені бар көрінеді.
«Фараж» газетінің деректеріне сүйенсек, кеніш Навбахор ауданындағы Оби Шифо ауылының маңында орналасқан. Мұнда канадалықтармен бірлесіп ашылған «Апрелевка» кәсіпорны талай жылдан бері алтын өндірумен айналысып келеді.
«Азия-Плюс» агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Согдия облысы жер комитетінің төрағасы Джамшед Умарзода аталған мәселенің әлі де қарастырылып жатқанын айтқан. Жергілікті билік өкілдері бұған қатысты әзірге тіс жарар емес. Бірақ Өзбекстан тарапы шекара маңындағы аймақтарға болат қоршау орналастыра бастаған.
Алайда кейбір БАҚ-та таралған мәліметке қарағанда, Өзбекстан тарапына 300 гектарлық жер емес, су қоймасы берілмек. Оның жалпы аумағы мың гектарды құрайды. Кеңес үкіметі кезінде аталған бөгет Өзбекстан еншісінде болған. Кейінірек КСРО тараған соң, Тәжікстан тарапына өтіп кеткен. Өз кезегінде Өзбекстан 60 мың тұрғыны бар ауылды Тәжікстанға қайтармақ. Кезінде аталған елді мекен Тәжік ССР құрамына енген екен. Яғни, тұрғындардың басым бөлігі – тәжіктер.
Аталған мәселеге қатысты «Апрелевка» компаниясы да пікір білдірді. Кәсіпорын директорының орынбасары Лохутшох Одинаевтың айтуынша, кен орнын Өзбекстанға беруі шындыққа жанаспайды, бұл қадамға баруға еш негіз жоқ.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың мұндай қадамға баруына не себеп болды? Біріншіден, екі ел арасындағы шекара дауы Кеңес үкіметі тарағаннан бері шешілмей келеді. Әсіресе, эксклавтар мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Эксклав, яғни бір мемлекеттің ішінде екінші мемлекет территориясының болуы Орталық Азияда жиі кездеседі. Мысалы, Тәжікстанда – үш, Өзбекстанда төрт эксклав бар. Соның біреуі – тәжіктерге тиесілі Сарвак аймағы Өзбекстанның территориясында орналасқан. Яғни, шекара маңында орналасқан халықтың өзара қарым-қатынасы қиын жағдайда. Мәселен, кедендік бекетте тексеріс күшейтілгенде, шекара маңында ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі ел тұрғындарының байланысуы оңайға соқпайды.
Осыған байланысты 2018 жылғы наурызда Өзбекстан президенті Шафкат Мирзиеев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов тәжік-өзбек шекарасының кей бөліктеріне қатысты келісімге қол қойған-тұғын. Осы құжаттың арқасында талайдан бері шешілмей келе жатқан шекара мәселесінде оң өзгерістер болды. Биылғы 28 қазанда шекараны демаркациялау туралы келіссөз өтті.
Екіншіден, Өзбекстанмен қарым-қатынасты жақсартудың экономикалық әсері де бар. Ала шапанды ағайындар – Орталық Азиядағы халқы ең көп мемлекет. Әрі Қазақстан, Ресей, Түркіменстан нарығына шығу үшін де Өзбекстан аумағынан өтуге тура келеді.
Мұның бәрін Э.Рахмонов жақсы түсініп отыр. Сондықтан Өзбекстанмен достық қарым-қатынас ұстаған тиімді. Бұған Ислам Каримовтың тұсында мұндай қадамға бару қиын еді. Шафкат Мирзиеев билікке келгелі екі мемлекет арасында қатқан тоң жібіді.
Жалпы, Тәжікстан көршілермен қарым-қатынасты жақсарту үшін екінші рет мұндай қадамға барып отыр. Бұған дейін 2011 жылы Қытаймен арадағы шекараны қайта қарап, шығыстағы көршілеріне 1,1 мың шаршы шақырым жерді берген-тұғын. Бұл жалпы ел аумағының 0,77 пайызын құрайды.
Ресми билік өкілдері бұл қадамды Конституцияға сай жүргізілгенін алға тартса да, халық арасында Душанбенің жерді Қытайдан алған қарызын қайтару мақсатында берді дегенге сенетіндер көп. Бұл алыпқашпа әңгіме болса да, оған негіз бар. Мәселен, екі ел арасындағы тауар айналымы – 700 миллион долларға жуық. Оның басым бөлігі, яғни 595 миллион доллары – Қытайдан импортталатын тауарға тиесілі. Қытайға жер бергеннен кейін бір жыл өтпей Тәжікстан шығыстағы көршісінен миллиард доллар несие алған еді. Мұның бәрі халықтың күмәнін туғызды.
Оның үстіне, «жунголар» Тәжікстанның транзиттік әлеуетін пайдалану үшін жол құрылысына қаржы құйып келеді. Мұндай қадам Қытайға тауарын басқа елдерге жедел жеткізуге мүмкіндік берсе, Тәжікстан үшін транзиттен пайда түсіріп, инфрақұрылымды жетілдіріп алу үшін таптырмас мүмкіндік. Алайда Қытайдың жол құрылысына қызығуы қосымша жұмыс орнын ашпайды.
Бұған қоса, елдегі тау-кен саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың көбі Қытай капиталы арқылы ашылған. Тәжікстан үшін «жунголармен» тату болу маңызды. Ендеше, олардың көршілерге жер беруінің астарында осындай мәселелер де бар.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ