Ақтөбеде қант диабеті мен демікпеге шалдыққандар көбейген
Ақтөбеде қант диабеті мен демікпеге шалдыққандар көбейген
5,249
оқылды

«Жәрдем» медициналық пойызы дәрігерлері ақтөбеліктердің денсаулығын тексерді.

Ақтөбе облысында шалғайдағы 15 станцияның тұрғындары «Жәрдем» медициналық пойызының мамандарынан тегін медициналық кеңестер мен алғашқы медициналық көмек ала алды. Қазіргі уақытта медициналық пойыз Атырау облысының елді мекендерін аралауды бастады, алдағы екі аптада ол облыстың 9 шалғай ауылына тоқтайтын болады.

«Жәрдем» консультативті-диагностикалық пойызының мамандары 4 702 тұрғынды, оның ішінде Ақтөбе облысының 847 баласын тексерді. Жалпы, медициналық тексерулер саны 28 090 құрады. 13 шағын хирургиялық ота жасалды. Хирург дәрігердің тексеруінде 1 543 адам болды, уролог дәрігерге 1 868 адам, гинекологқа 1 680 адам тексерілген.

Емделушілердің көп бөлігі терапевт дәрігерге келген – 4 702 адам, невропатолог — 4 006, офтальмолог – 3 422 адам, ЛОР-маманы 2 934 науқасты қабылдады.

Барлығы пойыз дәрігерлері 2143 ЭКГ процедурасын, 724 ультрадыбыстық зерттеу және 342 флюорография өткізді.

«Біз бірқатар ауруларды анықтадық, олардың ішінде ең көп тарағаны - қан қысымы, қант диабеті, бронх демікпесі. Ересектердің арасында алқым ісуі жиі кездеседі, ал балалардың арасында темір тапшылығы анемиясы, ЖРВИ және күрделі бронхит көп кездеседі. Мұндай жағдайларда біз пациенттерге не істеу керек, кіммен байланысу туралы кеңес береміз және қажет болған жағдайда негізгі терапия тағайындаймыз», — дейді пойыздың жалпы тәжірибелік дәрігері Зарина Елмұратова.

Пойыздың жұмыс барысында дәрігерлер кейде төтенше ауыр жағдайларға да тап болды.

«Бізге 1939 жылы туған пациент тексеріске келді, біз ол кісіде гемоглобиннің өте төмен деңгейін анықтадық – норма бойынша 130-170 болудың орнына ол кісіде 48 болды. Шұғыл түрде жедел жәрдем шақырылып, ол кісі ауыр темір тапшылығы анемиясы диагнозымен ауруханаға жатқызылды», — дейді «Жәрдем» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Егінбаева.

«Жәрдем» медициналық пойызы «Денсаулық» медициналық пойызымен бірге бүгінгі күнге дейін республиканың 50 000-нан астам тұрғындарын тексеруден өткізді.