Қазақстан Қытай даму банкінен LRT (жеңіл рельсті көлік) жобасы үшін алған қарызынан құтылды. «Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметі Қытай даму банкі алдындағы қарыз есептелген сыйақысымен бірге мерзімінен бұрын төленгенін растады.
Биылғы қыркүйекте «Астана LRT» ЖШС 420 миллион доллар көлемінде қаржы тартып, соның 343 миллионын Қытай даму банкіндегі несиені жабуға жұмсады. Несие шартының талаптарына сәйкес, есептелген сыйақы да төленген.
Есте болса, тамыз айында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Қазақстанның Қытай мемлекеттік банкіне 344 млн доллар қарызы барын хабарлаған-ды. Министрдің айтуынша, LRT құрылысына Қытай мемлекеттік банкінен 1,5 миллиард доллар қарыз алынған. Сол ақшаның 344 миллионы құрылысқа жұмсалып кетті. Қытай қалған қаржыны беруді тоқтатқан соң, Үкіметте қытай компанияларына байланысты қаржыландыру жүйесі қайта қаралды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұсынысын қараған Үкімет Қытай мемлекеттік банкінің қарызын қайта қаржыландыруды жоспарлаған болатын. Сол жоспарға сәйкес, «Астана LRT» компаниясының жалпы құны 1,5 миллиард долларды құрайтын облигацияларын ішкі нарыққа шығарып, сату арқылы Қытай мемлекеттік банкінің 344 миллион доллар көлеміндегі қарызын өтеу көзделген. Қалған 1,2 миллиард доллар LRT құрылысына жұмсалады делінген. Егер әкімдік ұсынған жоба жүзеге асып жатса, жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысы келер жылы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
Астана әкімі Алтай Көлгінов тамыз айында LRT құрылысына қажетті 600 миллион доллардың 500 миллионын «Халық банктен» 3 пайыздық мөлшерлемемен, 100 миллион долларды «Бәйтерек» холдингінен қарыз алу арқылы жинастыратынын жеткізген. Сонымен қатар қарыздан бас тарту 800 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік беретінін де айтқан. Бұл орайда LRT-ның шағын нұсқасын таныстырғаны есімізде. Сол жобаға сәйкес, жылжымалы құрамдар санын 19-дан 11-ге дейін қысқарту арқылы 15 миллиард теңге, аялдама-стансаларды қысқарту арқылы 42 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделуі керек. Бастапқы сызбада 18 станса болса, соңғы жобада 11 станса қалдырылды. Жалпы, осылай ықшамдау, қысқартудың арқасында жоба шығындары 135 миллиард теңгеге дейін азаюы керек. Ал Үкіметтің Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту туралы шешімі бюджетке түсетін салмақты 800 миллион АҚШ долларына дейін азайтпақ.
Айта кетсек, Президент LRT құрылысының дұрыс жоспарланбағанын сынға алған болатын.
«Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны – 146 000 адам. Бұл – болжам. Алайда қазір дәл осы маршрутпен, яғни әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана жүреді. Мен сіздердің жолаушылар санын 70 есеге қалайша арттыратындарыңызды түсінбей отырмын» деген еді үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Айдана БЕГІМ