Күзет, күзет те қызмет
Күзет, күзет те қызмет
341
оқылды

26 қазан күні таңғы сағат 04.00 шамасында облыс орта­лы­ғын­дағы Тәуке хан және Саңырақ батыр көшелерінің қиы­лысында «Лада» және «Опель Астра» автокөліктері соқ­тығысты. Сөйтіп, «Опель Астра» автокөлігі бағдаршамға соғы­лып, қатты зақым­дан­ды. Жәбірленуші күзет қызметін айыптап отыр.

Облыстық ішкі істер департа­мен­ті баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, оқиға бойынша сотқа дейін­гі тергеп-тексеру жұмы­сы бас­талыпты. Екі автокөлік те айып тұрағына қойылған. Белгілі болғаны, 27 жастағы «Лада» авто­кө­лігі жүр­гізу­шісінің «орташа дәреже­дегі» ал­когольдік ішімдік ішкені анықтал­ған. Бұл көлік жеке күзет қызметінің көлігі болған...


Құрықтала ма, құтыла ма?

Таңғы төрт шамасында ішінде төрт адамы бар жеңіл көлік Шым­кент­тегі тойдан қайтып келе жатқан. Қарсы беттен шыққан күзет қыз­ме­ті­нің көлігі «Опель Астра» көлігінің бүйірінен оңдырмай соғады. Қатты соққыдан бірнеше мәрте айналған темір тұлпар бағдаршамға соғылып, артынша сайға құлаған. Төлеген Әбдрахмановтың апаттан басына қатты зақым келген. Оның анасы­ның аяғы сынса, жамбасы морт кет­кен аяғы ауыр әйелі ауруханада жатыр. Жәбірленушінің айтуынша, күзет қызметінің өкілдері бағдар­шам­ның қызыл түсіне қарамай жүйт­кіп өтпекші болған. Тіпті, апат­қа кінәлілер оқиға орнынан қашып кетпек те болыпты. Бірақ куәгерлер оған жол бермеген.

– Рөлде отырған жігіт ішіп ал­ған. Енді «мен емеспін» деп мойын­дамай отыр. Көліктің артқы орын­дығында қару жатты: екі автомат, шоқпар, каска. Тағы бір жігіт артын­да қызбен отырды, – дейді Төлеген Әбдрахманов.

Жамбасы сынып ауруханаға түс­кен Іңкәр Жақаеваның бес баласы бар. Үлкені 12-де, кенжесі – 1,5 жас­та. Жүкті келіншектің жақын­дары енді оның өміріне алаңдап отыр. Іңкәрдің анасы Айсара Нартбаева: «Қызымды аяғына тік тұрғызып берсін. Бес баласын қалай асырайды? Бір жыл төсекте жатады, емізулі баласы бар» дейді. 32 жастағы келіншек ауыр халде аурухаға түскен. Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан оны кейін сынық-жарақат бөліміне ауыстырыпты. Дәрігерлер оның өмі­ріне төнген қауіп жоқ дейді. №1 қала­лық аурухана жарақат бөлімінің меңгерушісі Ерлан Түлеев: «Босан­ды­ратын мерзімі келген кезде аку­шер-гинекологтармен бір ше­шім­ге келеміз. Осы апта бақы­лау­да болады. Келесі апта шешім шығарамыз» дейді. Көпбалалы ана Іңкәр Жақаева кемі үш апта ауруханада жатады. Жағдайы тәуір болса ғана үйіне жіберілмек. Ал науқастың туыстары бұл жағдайды аяқсыз қалдырмауға бекініп отыр.

Бұл іспен тікелей құзырлы орын қызметкерлері айналысуда. Алайда біз мәселенің мән-жайын білмекке, әсіресе күзет қызметі сарбаздарының жауапкершілігі қалай болады деген сауалмен Staler ЖШС жеке күзет агенттігінің басшылығына телефон шалып едік, ешкім жауап бермеді...

 

Жауапкершіліктен
ешкім жалтармайды...

Иә, осыдан біраз жыл бұрын Таразда жеке күзет қызметінің көлігі бағдаршамның қызыл түсіне қара­май жол ережесін бұзған болатын. Сондай жағдай енді тағы қайталанып отыр. Жалпы, жеке күзет қызметінің сарбаздары 18-45 жас аралығындағы жігіттерден жасақталады. Сондай-ақ жеке күзет қызметіне негізінен бұрын Ішкі істер департаментінде немесе әскери қызметте болған, зейнетке шыққан азаматтардың көп қайырылатыны белгілі. Осыған дейін құзырлы салада еңбек етіп, заңның бүге-шігесіне дейін білетін жігіттердің осындай заң бұзушы­лыққа жол беруінің себебі неде? Біріншіден, тамыр-таныстық. Иә, уақытында қызметте жүргенде көзкөргендердің, таныстардың олқылықтарға «көз қыса» қарайды деген масылдық қанға сіңіп кеткен. Бұл – ащы болса да шындық. «Өзі­міз­дің жігіттер!» деген бір түсініксіз ұғым бар. Ал заңның алдында хан да, қара да бір. Осыны ұмытпаған абзал. Екіншіден, күзет қызметінің құзы­ры­на берілетін кейбір «жеңілдік­терді» әсіре пайдалану.

Бүгінгі күні облыс орталығын­дағы осындай жеке күзет қызметін бақылайтын бірден-бір мекеме об­лыстық ішкі істер де­пар­таментіне қа­расты күзет қызме­тін бақылау бө­лімі. Ал осы бөлім басшысының мін­детін уақыт­ша атқ­арушы Мұрат Са­рым­бет­тің ай­туын­ша, Жамбыл об­лысында 183 жеке күзет ұйымы тір­келген. Оның тұрақты түрде жұ­мыс істеп тұрғаны – 133. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Қарағанды секілді ірі қалаларда жұмыс істеп тұрған күзет қызметінің 43 филиалы аймақта жұмыс істейді екен.

– Күзет қызметіне сарбаздарды жасақтау кәсіп иесінің құзырындағы дүние. Біздің тарапымыздан тек лицензия беріледі. Сонымен қатар күзет қызметінің көлігін бояп «сире­на» орнатуға да біз рұқсат береміз. Жалпы, рұқсат бойынша, хабар түскен жағдайда «сирена» көлік нысанға жеткенге дейін және аталған нысан иесі шыққанға дейін қосылып тұруы керек. Ондай жағдай болмаса орынсыз қосуға болмайды. Ал жоғарыдағы оқиғаға қатысы бар Staler ЖШС жеке күзет агенттігінің жұмысына бұған дейін ешқандай шағым түскен емес. Тағы бір мәселе, күзет қызметімен айналысып отыр­ған компаниялар арасында бәсе­ке­лес­тік өте жоғары. Өйткені бүгінгі күні кәсіпкерлер өздерінің нысан­дарын күзету қызметіне жауапты, сапалы қарайтын, білікті кадрлармен жасақталған компания­лар­ды алуға тырысады. Сұраныс жоғары, – дейді Мұрат Сарымбет.

 

Инкассатор да асығады

Бүгінде облыс орталығында кө­лік­тің саны артқан. Сондықтан қала ішіндегі негізгі көшелерде таңғы уақытта және кешкілік әжептеуір көлік кептелісі орын алады. Міне, осындай көлік жүргізушілері сабыр­сыз­дық танытқан сәтте біз жоғарыда сөз еткен жеке көлік қызметтерінен бөлек инкассаторлық көліктердің де асығыстығы, тіпті жол ережелерін бұзуы тараздықтардың ашуын туғы­зып отыр. Инкассаторлық қыз­мет те екінші деңгейлі банктер мен жеке­леген қаржылық ұйымдар­дың тап­сырысына қарай жұмысын жүргі­зіп отыр. Әйтеуір, бүгінгі күнге дейін өңірде инкассаторлық көлік­тер­дің жол ережесін бұзуы ғана тір­кел­гені болмаса, адам немесе кө­лік­пен соғысу оқиғасы орын алмапты. Бір анығы – полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігі «сирена­ла­рын» қосып, оқиға орнына асыққан жағдайда көлік қозғалысына қаты­су­шылар мәдениеттілік танытып, жол беріп жатады. Ал біз көтерген же­ке күзет қызметі мен инкассатор­лық көліктерге көлік иелері жол бе­ріп құрмет көрсете бермейді.

 

Жамбыл облысы