Бір қуантып, бір жылатқан «Астана»
Бір қуантып, бір жылатқан «Астана»
5,248
оқылды

«Астана» өз алаңында «АЗ Алкмардан» ойсырай жеңілді. Қос кездесудің есебі – 0:11. Алтыншы чемпиондықтың буы елітті ме, жігіт­тер «Астана аренада» қауқар көрсете алмады.

Биыл «Астана» алтыншы рет ел чемпионы атанды. 2014 жылдан бері астаналық клубтың айдарынан жел есіп тұр. Стойловтың дәуірінде Еуропа елор­даға сескене кіретін. Өз кезегінде «Ас­тана» чемпионат демей, басқасы демей барын салатын. Кез келген клубқа «Есіл­де туған мен едім» деп қасқая қарайтын. Қазір жағдай өзгерген. Чем­пио­наттағы алтындарға қарын тойды ма, әлде Еуропаны мойындаттық деді ме, көздегі жалынды сөндіріп алдық.

Бірінші факторды қарастырып көрейік. Чемпионаттағы бәсекенің бәсең­суін алайық. Дойбыда біреу биге шықса, жан жағын жалмайтыны белгілі. «Астана» алғашқы чемпиондығын алған­нан кейін басқа клубтағы мықты­ларға көз тіге бастады. Әрине, бұл қалыпты құбылыс. Мысалы, кезінде «Манчестер Сити» «Челсиден» Де Брюйнені алмаған­да бақ жұлдызы жанар ма еді? Сол сияқты Салах «Ливерпульге» келісімен еркін көсілді, әлем таныды. Алғашында «Қай­ратта» ойнаған Эрич қазір «Астананың» капитанына айналды. Сондай-ақ негізгі құрамда жүрген Логвиненко «Ақтөбеден», Шомко «Ертістен» келген. Командадағы жастар Дидар Жалмұқан, Юрий Перцух, Мади Жақыпбаев өзге клубта тәрбие­ленген. Осыдан келіп мықтысынан айырылған клуб «ұтылып», иемденгеннің атағы аспандайды. Түптеп келгенде өзің­де тәрбиеленгеннің өзектен теппей­тіні еске түседі. Содан болар Еуропа футбо­лын­да академиялардың салмағы басым. Құрметі бөлек. Жай ғана «Барселонаның» 4 капитанына назар салыңыз. 27 жастағы Робертоның адуынды Альбадан несі артық? Өйткені ол – «Ла Масиялық». Клуб академия­дағыларды қанаттандыру үшін «Ла Масия» шәкірттерін капитан еткен. «Астана» да ақырындап жастар құрамасынан талантты танып жүр. Жас­лан Қайыркенов, Владислав Пропокенко, Рамазан Каримов пен Лев Скворцов секілді дарынды жастар – сөзіміздің дәлелі.

Белгілі спорт журналисі Дүрәлі Дүйсе­бай «Астананың» биылғы пәрме­ніне көңілі толмайтынын жеткізді. Бап­кердің бабы болмай тұрғанын, Стоилов тәрізді бапкер келіп, клубты қайта түлету керегін айтады.

«Астана» биыл тағы да чемпион болды. Осымен алтыншы рет. Бұған дейін дәл осындай нәтижеге ешкім жете қойған жоқ. Бұл елорда командасының мықтылығы ма, әлде «Қайраттың» чем­пио­нат соңындағы масқара ұтылысы ма? Жасыратыны жоқ, бұрынғы «Астана» жоқ. Қазір мүлде басқа «Астана». Григорчуктің «Астанасы». Стойловтың бүкіл Еуропа мойындаған командасынан жұрнақ та қалмады. Футболшыларды айтпаймын. Ойын стилі, қорғаныстағы, шабуылдағы ойлы қимылдары, жүйелі өрнегі бүгінде жоққа тән. «Астана» ел чемпионатында да сүреңсіз өнер көр­сетті, Еуролигада да ойнап жарытпа­ды. Егер осы жылы бұл екі команданың жаттықтырушыларын ауыстырмаса келесі жылы жағдайдың қалай боларын кім білсін!?» дейді Дүрәлі Дүйсебай.


Спорт журналисі ойын дәйекті жеткізіп отыр. Статистикаға жүгінсек, «Астананың» осы маусымда сәл-пәл босаңсығанын байқаймыз. 2014 жылдан бергі чемпионаттағы жеңіліс санын анықтап көрейік. Алғашқы алтын алған маусымда «Астана» 4 рет жеңілген. 2015 жылы – 5 рет, 2016 жылы – 5 рет, 2017 жы­лы – 4 рет, 2018 жылы 4 мәрте жеңіл­се, биыл жеті рет жеңіліс дәмін татыпты. Жан­күйерлер сүйікті командасын қандай жағдайда да ақтап алары белгілі. «Аста­наның» ҚПЛ-дағы осал тұсын көр­гендер Еуропа лигасына барын сала­тын шығар десті. Алайда болжам нақты нәтижемен келіспейтінін «жет­кізді».

Спорт журналисі Есей Жеңісұлы ко­манда таңдау жасауға тура келгенін ай­тады. «Күзде клуб алдында таңдау тұр­ды. Чем­пио­натты алу немесе бар күш­ті Еу­ро­­па лигасына салу. Команда өз таңдауын жа­сады. «Астана» қарсыласта­р­ының жеңілісін сәтті пайдаланды. Күз орта­сында не Қазақстан премьер-лигасын, не еурокубокты таңдау қажет болғанда, ел біріншілігіне күш салды. Алтыншы чем­пиондығын алды, енді оны ешкім де даулай алмайды. Ал Еуропа лигасындағы сәтсіздік – бапкерлер құрамының қате­лігі. Қазанның ортасынан бері «Астана» бірін­ші таймның командасы болып қал­ды. АЗ командасы екі кездесу­дің екінші таймдарында біздің чемпион­ның түте-түтесін шығарғаны да содан. Яғни, «Астананың» бабы тамыз айының ортасы мен қыркүйектің басында шарықтау шегіне жетті де, ары қарай құлдырау басталды. Бұдан қоры­тынды дәл қазір шығарылмаса, ертең кештеу болады» дейді журналист.

«Астананың» алты рет чемпион болғанына таңдана қараймыз. Ал жан­күйер­лерге жақсы таныс «АПОЭЛ» Кипр чемпионатында 2012 жылдан бері қа­та­ры­нан 7 рет жеңімпаз атанды. БАТЭ 2006-2018 жылдар аралығында 13 рет Беларусь чемпионатын жеңді. Кипрлік клуб УЕФА рейтингінде 62-орында, БАТЭ 61-орында тұр. «Астана» «АЗ-бен» өткен ойыннан соң 57-орынды иемденді. Чемпионаттағы еркіндік еуроаренадағы ахуалға әсер ете ме? Чемпионатында 7 мәрте чемпион атанған АПОЭЛ Еуропа лига­сында «Карабахпен» 1/32-ның тағ­дырын шешкелі жүр. «Астананың» әйгілі қарсыласы «Янг Бойз» G тобында көш бастап тұр. Кезінде елордалық клуб «Славияны» өз алаңында жеңіп еді. Қазір Чехиялық клуб Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. «Барселонамен» «Камп-Ноуда» тең ойнады. Сонда кімнің дәре­жесі өскен? 2017 жылғы даңқты «Аста­на­ның» қайта оралуына не жетпей тұр? Бюджет? Жоқ, мемлекет қаржылан­ды­ра­тындықтан оған кінә арта алмаймыз. Өйткені клубтың 2016/17 жылғы бюджеті 29 млн доллар болса, 2017/18 жылы 31 млн долларды құраған. Жыл санап арт­па­са, кеміген емес. Бюджет жақсы болға­сын, үздіктердің сонда екені тағы бар.   Команда Еуропада сәтті өнер көрсетсе, қалтасы қалыңдайтынын өздері де түсі­не­ді. Демек, «Астананың» Еуроарена­да сәтті күресуіне басқа нәрсе жетпейді.

Стоилов секілді бапкер кімге болма­сын керек. Келер маусымда Стойчо Младенов клубқа келеді деген сыбыс бар. Ал қызылордалық клубты Григорий Бабаян баптауы мүмкін. Кім келсе де, «Астананың» айбарын қайтарса дейміз.

7 қара­ша күні «Астана» өз алаңында «АЗ-ды» қабылдады. Өткенде Нидер­лан­дыдан бас салбыратып қайттық. Осы жолы жігіттер есені жібермес дестік. Болмады. Ел чемпионатын 6 рет ием­денгендерге «Алкмар» жауапсыз 5 доп соқты. Сонда кім чемпион? Кезінде Диего Симеоне шәкірттерінің тізесі ді­ріл­деген стадионда бүгін кімдер гол соқпай жүр?..


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ