Ғарышта аутсайдерге орын жоқ
Ғарышта аутсайдерге орын жоқ
271
оқылды

Ресей «Байқоңырдан» кетіп, орнына Илон Маск ие­лік ететін америкалық SpaceX келер болса, 4 миллион гек­­тар қазақ жері азаттық ал­­мақ. Қазіргі кезде Қа­зақстандағы ғарыш айла­ғы­нан ресейлік офицерлер мен мамандар кетуде. Алайда сарапшылардың ай­туын­ша, Ресей «Байқоңырды» бәрібір шетелдіктерге бер­мейді. Неге?

Осы аптада халықаралық ақ­парат айдынында мамандарды елең еткізген оқиға болды: Ре­­сей үш миллиард доллар шы­ғындаған «Ангара» зымы­ра­нының өндірісінен бас тарт­ты. «Роскосмос» тиісті келісім­шарт жойылғанын жариялады. Сол­түстік көршінің «Роскосмос» мем­лекеттік корпорациясы «Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғы­лыми-өндірістік орталығымен» «Ангара – 1.2» зымыранының өндірісі жөніндегі контрактіні бұзғанын және тапсырысты кері қайтарып алғанын мәлімдеді. Мұндай күрт бетбұрыстың себебі және жобаның болашағы құпияға жатқызылып, айтылмады.

«Ангара» жасау туралы жаңа келісімшарттың құны 2,28 мил­лиард рубльді құрады. Са­лыс­тыру үшін айтсақ, бұл – ре­сей­лік қолданыстағы орташа зы­­мы­рантасығыштар «Союз-2.1а» және «Союз-2.1б»-ден әлдеқайда, 700 миллион рубльге қымбат. Ол 2021 жылдың 15 қазанында дайын болуы тиіс-тін.

Көктен аса улы гептил төгіп келген зиянды «Протон» зымыран тасығыштарын алмастыруға тиіс. Экологиялық таза отынмен ұша­тын «Ангаралар» бойынша жұмыс сонау 1995 жылы бастау алған. Содан бергі ширек ғасырдай уа­қыт ішінде осы сериялы «ға­рыш кемелерінің» екі рет сынақ­тық ұшырулары ғана жүзеге асы­рылды: 2014 жылы жеңіл және ауыр нұсқалары ғарыш сеңгіріне жол тартқанымен қомақты нә­тиже әкелмеді. Негізі, бастапқы жоспарға сәйкес, ресейлік бұл жаңа зымырантасығыш 2005 жылы ғарыш саласына қызмет етуге кірісуге тиіс еді.

«Роскосмостың» мәліметінше, тұтастай алғанда, «Ангараны» жасауға 2014 жылдан бері ғана шамамен 3 миллиард доллар жұмсалып кеткен.

Осы тұрғыдан алғанда, РФ-ның осы сектордағы басты конс­трукторлық ұйымы – «Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығы» дү­ние­жүзіндегі проблемалы кә­сіпорын болып есептеледі. Қазіргі уақытта орталықтың жергілікті және шетелдік әріптестері алдын­дағы борышы 80 миллиард рубль­ден асып кетті.

Айта кету керек, кезінде дәл осы ауыр зымыран өндіруші Ресей кәсіпорны жасап шыққан қазақстандық тұңғыш жер серігі KazSat–1 2008 жылы 26 қарашада істен шығып, басқаруға бағынбай, ғарышта қаңғып қалған болатын.

Жалпы, Кеңес Одағы кезінде бүкіл әлемде «№1 ғарыштық дер­жава» болған Ресей космонав­тикасы жыл өткен сайын құр­дымға құлап бара жатқанын олардың өз мамандары да мойын­дайды. Мәселе «Бай­қоңырдың» ендігі тағдыры не болмақ?

Жуырда Мәскеу 2020 жылдан бастап «Байқоңырдан» зымыран ұшыруды тоқтататынын, барлық ұшырулар Ресей жеріндегі «Вос­точный» және «Плесецк» космодромдарына көшірілетінін мәлімдеді. Осыдан кейін шетелдік ақпарат құралдары Қазақстандағы ғарыш айлағынан көршінің әс­керилері мен мамандары жүктерін жиып, Ресейге жаппай кетіп жат­қаны туралы хабарлады.

Бұл жайт сарапшыларды екіге жарды. Бірі «Зымыран ұшыру тоқтаса, қаңырап бос қа­ла­тын «Байқоңырдың» кейінгі тағдыры не болады?» деп уайым­даса, базбірі «Орыс орнына амери­калықтар мен қытайлар келуі мүмкін» деп жорамалдап, жар салды.

Еліміздің Сыртқы істер ми­нистрлігінің дерегінше, әзірге Ресей Қорғаныс министрлігі ғана «Байқоңырдан» ұшыруларды жүзеге асырудан бас тартты. «Бұл «Роскосмостың» мәлімдемесі емес. Тек ресейлік әскерилер өз ұшыруларын тоқтатты» дейді сыртқы саясат ведомствосы.

Бұл ретте бір мәселеге на­зар аударған жөн. Ресей респуб­ликамыздағы «ғарыш қақпа­сын» жапқанымен, онда ұзақ жыл­дарға қалады. Себебі бірін­ші­ден, мұнда шетелдіктерге ше­тін ашуға болмайтын «аса құ­пия» жайттар мен нысандар қа­лады. Бұның барлығы одақ­тас елдеріміз арасындағы көп­теген келісімдермен және уағ­даластықтармен қор­ғалады. Ендеше, айлаққа амери­ка­лықтар да, қытайлар да жолай алмайды.

Бұған қоса, адамзаттың алғаш рет ғарышқа ұшуы, тұңғыш рет ашық ғарышқа шығуы және басқа да орыс атын жаһанға мәшһүр еткен мақтаныштар тікелей «Байқоңыр» ғарыш айлағымен байланысты болғандықтан, оны бөтен ешкімге бермеу, уыста ұстау, формальды болса да, иелік ету – қазір Ресей билігі мен халқы үшін маңызды. Тиісінше, кез келген тәсілмен status quo сақталуына күш салмақ.


Сондықтан бірнеше ға­рыш айлағын ұстап тұруға эконо­микалық қауқары қалмай бара жатқан солтүстік көрші екі ке­менің басын ұстамақ. Өзі де пай­даланбайды, сырттан ешкімді де жібермейді.

Әйтпесе, алпауыт Ресейді жал­ғыз Илон Масктың өзі ауыс­тыра алар еді. Мысалы, 2017 жыл­дан бастап SpaceX ұшырулар саны бойынша бүкіл РФ-ны басып озды және сол жылы 16 зы­мыранды ғарышқа табысты шы­ғарды. Ал солтүстік көршінің көр­сеткіші 14 қана болған. 2018 жы­лы Ресей небәрі 15 табысты ұшыру­ды іске асырған. Илон Маск­тың жетістігі – 19. Ол сөйтіп, әлем­дік рекорд орнатты.

Қазіргі кезде әлемдегі ең қуат­ты зымырантасығыштар мы­налар: Еуропаның «Арион–5»-і, Аме­ри­каның Delta IV Heavy-і және Ре­сейдің «Протон–М»-ы. Олардың барлығы орбитаға 25 тоннаға дейін жүк жеткізуге қабілетті. Соның ішіндегі «Протон» тіп­ті модернизациялаудан өтке­ніне қарамастан, қазір ескір­ген саналады. Оны 2005 жылы «Ангарамен» ауыстыру жоспар­лан­ғанын айттық. Бірақ бұл жос­пары әзірге жайына қалды.

Жалпы, ғарыш кеңістігіне зымыран ұшыру қаншаға түсе­тінін қарастыра кетелік. Ең қым­баты – АҚШ-тың Шатлы, оны көкке аттандыру 400-500 мил­лион долларға түсетін. Сон­дықтан Құрама Штаттар Шатлл бағдарламасын тыйып, мем­лекеттік тапсырысты жекеменшік компанияларға үлестіріп берді. Осылайша, олар арасындағы қызу бәсекелестіктен ұтқан Америка әлемдегі ең ірі ғарыштық держава атағын сақтап қана қоймай, одан ары өрістетуде. Ал Ресей әр ұшыруының қымбаттығы ке­сірі­нен, клиенттерінен айыры­луда. Мәселен, 2018 жылғы 4 жел­тоқсанда И.Маск өзінің Falcon 9 зымырантасығышы арқылы Калифорния штатындағы Ван­дерберг космодромынан екі қа­зақстандық жер серігін – KazSTSat микроспутнигін және KazSciSat-1 наноспутнигін ор­битаға шығарды.

Сонымен, зымыранды бір рет ұшыру құны келесідей:

Американың FalconHeavy-і – 90 миллион доллар; 
Ресейдің «Протоны» – 70 миллион доллар; 
Ресейдің «Союзы» – 35-40 миллион доллар аралығы; 
Ресейдің «Рокоты» – 44,6 млн доллар; 
Украин-Ресей «Днепрі» – 18 млн доллар; 
Vega (итал. Vettore Europeo di Generazione Avanzata) – 59 млн доллар; 
Америка Falcon-ы – 9 млн доллар.

Түсіндіре кетсек, Falcon­Heavy құны «Протоннан» қымбат болғанымен, бұлар арасында ғаламат айырмашылық бар. Нақ­т­ылай кетсек, Ресей ауыр зы­мырантасығышы – бір рет қана пайдаланылатын зат: ұшқаннан кейін жердегі және ғарыштағы қоқысқа айналып, айналасын бүлдіреді. Ал FalconHeavy-дің өзі және одан бөлінген барлық бөлігі басқарылған түрде кері қайтып, жердегі платформаға қонады және ізінше қайта ұшыру үшін жиналады.

«Байқоңырды» ғасыр ор­та­сына дейін жалға алған Ресей оны­мен бірге миллиондаған гек­тар қазақ жерін зымыран бөлік­тері құлайтын аумақ ретінде ұстап отыр. Бұл мәселені осы апта сәр­сенбісіндегі Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл көтерді.

– Мәжіліс мақұлдаған 1994 жыл­ғы 10 желтоқсандағы Қа­зақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу ту­ралы үкіметаралық хаттамаға сәй­кес, жалпы алаңы 11,6 мың гек­тар 4 жер учаскесін Ресей Қа­­зақстан меншігіне қайтарып беруде. Алайда кезінде Ресей ғарыш айлағы жұмыс істеуі үшін қажет деп жалға алған қаншама жерді қазір олар өте аз пайдаланып отыр. Бұл Ресей тарапының зы­мыран ұшыру көлемін қысқар­туына байланысты. Демек, пай­да­ланбаса, ол жерлерді де қай­тар­ғаны жөн, – дейді Б.Смағұл.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаровтың мә­ліметінше, «Байқоңырды» жал­ға алу аясында Ресейге бе­рі­ліп отырған жердің жалпы кө­лемі 4 миллион 798,4 мың гектар­ды құрайды. Оның ішінде «Бай­қоңыр» ғарыш айлағының өз аумағы тек 656,3 мың гектар. Қал­ғаны – зымыран қалдықтары құлайтын аудан. Оған төрт облыс­тың аумағы кіреді.

«Әйтсе де, қайтарылып отыр­ған 11,6 мың гектардан басқа жер­­лерді жалға беруден шығаруға қатысты жоспар жоқ. Алда қажет болып жатса, Қазақстан Ресейге осы хаттамадағыдай ұсыныспен шыға алады» дейді АШМ бас­шысы.