Сапарбаев: Келесі жылы дәрі-дәрмек халыққа уақытылы жеткізіледі
Сапарбаев: Келесі жылы дәрі-дәрмек халыққа уақытылы жеткізіледі
5,253
оқылды

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысына барып қайтты.

Үкіметтік жұмыс тобы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін Үкімет қандай шараларды қабылдап жатқанын айтып берді.

Өңірдегі медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде жалақыны көтеру, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту және тағы басқа мәселелер талқыланды.

Өңірде халықтың МӘМС енгізу туралы ақпараттануының 52%-дан 85%-ға дейін жоғарылағаны байқалатыны атап өтілді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру едәуір артады. Үш жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығындар кем дегенде бір жарым есеге — 1,3 трлн теңгеден 2,5-3 трлн теңгеге дейін артуы керек.

Сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және дәрі-дәрмектердің бағасын белгілеуге назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 7,8 мыңға жуық дәрі-дәрмек түрлері сатылады және олардың жартысының құнын мемлекет реттейді.

Вице-премьер халықты дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Келесі жылдың басында бізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде ешқандай кідірістер болмауы үшін, қараша-желтоқсан айларында келесі жылға арналған барлық келісімшарттарды жасауымыз керек», — деді ол.