Жекпе-жек 10 раундқа есептелген
Ертең, 10 қараша күні таңертең орта салмақта жұдырықтасатын кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті кездесуін өткізеді.
Қазақ боксшысының қарсыласы – канадалық Альберто Онолуносе. Кәсіпқой рингте 24 кездесу өткізіп, 2 рет жеңіліп, 1 рет тең түскен. Қос боксшы WBC Continental Americas және WBO Global титулдарына таласпақ.
10 раундқа есептелген жекпе-жек Chukchansi Park аренасындағы бокс кешінің андеркартында өтпек. «Хабар» арнасынан көрсетілетін трансляция Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 07:20-да басталады.
Әлімханұлы осыған дейінгі кездесуін тамыз айында Лос-Анджелесте өткізіп, канадалық Стюарт МакЛелланды жеңген еді.
Жәнібек кәсіпқой шаршы алаңда 7 кездесу өткізіп, 7 рет жеңіске жетіп, оның үшеуінде қарсыласын нокаутпен ұтқан.