Нұрсұлтан Назарбаев JP Morgan Chase International компаниясының басқарма төрағасы Джейкоб Френкельмен кездесті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар компания басшыларын қабылдады.
Әңгіме барысында Елбасы әлемнің жетекші сарапшылары өзара диалог құруы үшін «Астана клуб» алаңының ерекше маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында тараптар «Астана» халықаралық қаржы орталығын одан ары дамыту перспективаларына да назар аударды.
– Сіз АХҚО Қазақстан үшін экономикалық дамуға серпін беретін маңызды трансформациялық шешім екенін атап өттіңіз. Біз бұл бастаманы одан ары дамытып жатырмыз. Қазіргі уақытта АХҚО қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 61-ші орында тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар тұңғыш президент Еуропалық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті.
Кездесу барысында Елбасы Жозе Мануэль Баррозуға «Астана клубының» жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдірді.
– Біздің достығымыз бұрыннан бері жалғасуда. Сіздің Еуропалық Комиссияға төрағалығыңыз кезінде біз кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Өзіңізге белгілі, мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрметті төрағасымын. Енді біздің ұйымымыз бен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты жолға қою маңызды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Өз кезегінде Жозе Маннуэль Баррозу Қазақстанның Еуропа елдерімен серіктестігін қол жеткізілген келісім аясында одан ары кеңейтудің маңыздылығын айтты.
Елбасы Ұлттық мүдделер орталығының президенті, The National Interest журналының баспагері Дмитрий Саймспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты, сондай-ақ әлемнің жетекші державалары арасындағы диалогты жолға қою жөніндегі шараларды талқылады.
Елбасы АҚШ-Ресей қатынастарының сарапшысы ретінде Дмитрий Саймстың «Астана клубының» жұмысына қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Н.Назарбаев МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лауреаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті Джонатан Граноффпен кездесті
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мохаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа алғыс білдірді.
– Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядролық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байытылған уранның алғашқы партиясы келді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Елбасы Жаһандық қауіпсіздік институтының ядролық қаруды таратпаудағы маңызды рөлін жоғары бағалады.
– Қазақстанның ядролық қарусыздану мәселесіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған барлық мәселеге белсенді қатысып жүрміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас директоры Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идеясын қолдайтынын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.
Ғаламдық қауіпсіздік институтының президенті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жоғары бағалады.