Мемлекет басшысы елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің ресми түрде басталуымен құттықтап, игі миссияларына табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында Президент шетелдік дипломаттармен шағын сұхбат құрды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд елшісіне аталған мемлекет Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі екенін айтты.
– Біздің еліміздің «Шелл» және тағы да басқа ірі мұнай компанияларымен қарым-қатынасы өте жақсы. Мұндай ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғаса береді деп ойлаймын. Біз Нидерландтың Қазақстанмен тығыз ықпалдастық орнатуға ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сіздің еліңіздің инвестициялық әлеуеті орасан зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антал Хейзермен кездесу барысында Қазақстанның Мажарстанды Орталық Еуропадағы және Еуропалық Одақ аясындағы негізгі әрі маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті. Президент Мажарстан Үкіметінің Будапештте Түркі кеңесінің офисін ашу жөніндегі шешімін құптап, оған тарихи әділеттіліктің орнауы деп баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Адам Георгиос Адамидиспен әңгімелесу кезінде Қазақстанның Грекиямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға зор мән беретінін айтты.
– Біз Грекиямен осыған дейін қалыптасқан ынтымақтастықты одан ары өркендетуге зор қызығушылық танытамыз. Сіз елші ретінде екі ел арасындағы байланысты ары қарай дамытуға елеулі үлес қосасыз деп ойлаймын, – деді Президент.
Египет дипломатиялық миссиясының жетекшісін қабылдау сәтінде Мемлекет басшысы Президент Абдель Фаттах ас-Сисидің 2016 жылғы Қазақстанға жасаған сапары табысты болғанын атап өтіп, оған ізгі тілегін жолдады.
Мемлекет басшысы Қатар елшісіне 2019 жылдың маусым айында Душанбеде өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті аясында Әмір Тамим бен Хамад Әл-Танимен табысты кездесу өткізгенін айтты. Сондай-ақ аталған елмен ынтымақтастықтың нығая беретініне сенім білдірді.
– Біз Qatar Airways компаниясының Нұр-Сұлтан мен Доха арасында әуе қатынастарын іске қосу жөніндегі шешімін құптаймыз. Мемлекет басшысы ретінде өзім және Қазақстан Үкіметі Катармен байланысты нығайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Astana Club халықаралық пікірталас алаңына қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюркпен кездесу өткізді.
Тараптар БҰҰ-ның даму жағдайын талқылап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Барлық салада, атап айтқанда, экономикалық бағыттағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту қажеттігі сөз болды.
Словениялық саясаткер 2020 жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының Министрлер конференциясы табысты болатынына сенім білдіріп, Қазақстанның көпжақты байланыстарда, оның ішінде сауда және бейбітшілік пен қауіпсіздік-ті қамтамасыз ету мәселелерінде белсенді рөл атқаратынын жоғары бағалады.